Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы «Гүлбибі» балабақшасында көктемнің ең шуақты мерекелерінің бірі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік ертеңгілік жоғары деңгейде өтті. Бұл шараның басты мақсаты – балалардың мерекелік көңіл-күйін қалыптастыру, ән айту және би арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ аналарға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін арттыру болды.

Ертеңгілік балабақша тәрбиеленушілерінің әсем әуенмен, қол ұстасып, жұптасып вальс ырғағында билеп залға кіруімен басталды. Көрермендерге ерекше әсер сыйлаған бүлдіршіндердің бұл өнері кештің шымылдығын әсерлі түрде ашты.

Шара барысында тәрбиеші жиналған қауымды көктемнің көркем мерекесімен құттықтап, ананың адам өміріндегі орны мен маңызы жайлы жүрекжарды лебізін білдірді. «Ана» деген қасиетті сөздің мән-мағынасы, оның мейірімі мен жылулығы туралы айтылған ойлар әрбір жанның жүрегіне жетті.

Мерекелік кеште «Балбөбек» тобының тәрбиеленушілері аналарға арналған тақпақтарын мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Балалардың әрбір сөзі аналарға деген шынайы сүйіспеншілікті, құрмет пен алғысты айқын жеткізді. Сонымен қатар, бүлдіршіндер орындаған «Ұлдар биі» мен «Түрік биі» көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – ұл балалардың қыздарға және аналарға арнап дайындаған сыйлықтарын табыстауы болды. Бұл көрініс балалардың кішкентай жүректеріндегі ізгілік пен қамқорлықтың белгісін айқындай түсті.

Іс-шара соңында тәрбиеші аналарға ақ тілегін арнап, мерекемен тағы да құттықтады. Балалар хормен «Анамызға мың алғыс, баршаңызға мың алғыс!» деп айтып, кешті әсем әнмен қорытындылады.

Осындай тәрбиелік мәні зор мерекелік шаралар арқылы балабақша бүлдіршіндері мейірімділікке, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге тәрбиеленіп келеді. «Ана – өмір шуағы» атты ертеңгілік те соның айқын дәлелі болды.

Божбанбай Баян Жорабайқызы,

Түркістан облысы, Жетісай ауданы

«Гүлбибі» балабақшасының тәрбиешісі.

МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ МЕРЕКЕ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған