
Қазіргі кезеңде мектептің алдына қойылып отырған ең басты талап-рухани бай,жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Адамзат ұрпағынан жинақталған мәдени байлығын ұлттық байлықпен ұштастыру, оның озық үлгілерімен байланыстыру жеке тұлға қалыптастырудың бірден-бір жолы болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы барлық жалпы білім беретін ұлттық мектептерге арналған ортақ тұжырымдамада: мектептің басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу және әр бірін жеке тұлға деп санап, оны жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау — делінген.
Оқушылар тәрбиесiнде қазақтың ұлттық музыка өнерінің алатын орны зор. Оқушылардың ұлттық музыка өнерiмен айналысуы, жеке тұлғаның эстетикалық талғамын және эмоционалдық мүмкiндiгiн көтередi. Сондықтан бүгінгі таңда ұлттық музыка өнерінің түрлерін (ән, күй, терме, жыр, айтыс, толғау, т.б.) олардың әрқайсысының жалпы ерекшеліктерін жаңаша технологияға салу – бүгінгі күн талабы. Осы қойылған талаптарға сай, музыкалық білімді жүйелі түрде дамыту барысында ұлттық сана иірімдерін айқындай түсу және оны тереңірек меңгеру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр.
Қазір айтылып жүрген технология талаптары білім мен тәрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау ісі болып отыр. Оқушының «Мен» деген менталитетін қалыптастыру, өзін-өзі тану, өмірден өз орнын таба білуге баулу мәселелерінің музыка пәнінде маңызы ерекше.
Оқушылардың музыкалық шығармашылық қабілеті іс — әрекет үдерісінде қалыптасады. Ғалымдар пікіріне сүйенсек дарынсыз, мүлде қабілетсіз бала болмайды. Сол қабілеттің көзін ашу оны әрі қарай дамыту — әр бір музыка мұғалімінің қасиетті борышы. Жалпы музыка пәні эстетикалық сезімі жетілген, рухани бай тұлға тәрбиелеудің қайнар көзі десек қателеспейміз.
Мектептегі музыкалық-педагогикалық жұмыстың басты мақсаты-оқушыларды музыкалық даму үдерісіне талдау жасауға үйрету. Музыкалық — есту түсініктерін өз бетінше орындату. Музыканы көпшілігі тыңдайды, бірақ азы ғана естиді, әсіресе аспапты музыканы адамдар көбінесе қойылған музыканың жеке сәттерін қабылдайды, нақтырақ айтсақ осы сәттердегі өз әсерлерін ұсынады. Ал шығарма толығымен оларға түсініксіз болып қалады.
Сонымен қатар оқушының шығармашылық қабілетін қалыптастыру үшін төмендегі міндеттер орындалу қажет: қазақ халық музыкасын қабылдай, талдай білуі; өзара пікірталастар мен талқылауларға белсенді қатысуы; өз бетінше жұмыс жасау; нәтижеге, жетістікке ұмтылу; өз бетімен күрделі тапсырманы таңдауға құштарлану; іс-тәжірибелік әрекетін талдауға қызығушылық таныту;
Музыкалық дамудың логикасын білмей және оны бөлшектей талдай алмай,музыканы қабылдау, бағалау мүмкін емес.
Қазақ халық музыкасының өзіндік мәні мен маңызы, қадір-қасиеті,ерекшелігі бар. Оның негізгі мақсаты мен міндеттерін іске асыруы мен табысты болуы мұғалімінің іскерлігіне, шеберлігіне, білімділігіне байланысты.
Бүгінгі қоғам талабына сай мектепте мұғалім ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүние тану мәдениеті жоғары ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, танымпаз еңбекқор, терең қазыналы білімпаз, кез-келген ортаның ұйытқысы болатын өнерлі, рухани-бай, шеберліктің шыңына шыққан ұстаз болуы қажет.
Қорыта айтқанда, музыка мұғалімдері қазақ халық музыкасын оқушыларға тереңдете меңгертіп білім беру, оның ерекшеліктерін музыкалық тәрбиенің дағдыларын қалыптастырудың нәтижелі болуында. Бүгінгі таңда жас ұрпақты тәрбиелеп, шығармашылық Қабілеттерін қалыптастыруда оқушыларға музыкалық білім берудің барлық әдіс-тәсілдерін қолдана отырып шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеуге тиістіміз.
Мәдениеттің өзекті саласының бірі-өнер. Өнер адамзаттың көркем қажеттіліктерін қанағаттандырады. Өнер құндылықтары мен нормаларды, білім мен мән-мағыналарды орнықтырады, адамдардың дүние танымы мен мінез-құлқын қалыптастырады.
Сондықтан да қоғамдық өмірді реттеу құралдары,дін,саясат, идеология өнерді өз мақсаттарына қызмет етуге талпындырады. Қоғам өмірінің бетбұрыс кезеңдерінде өнерге деген сұраныс өсе түседі. Бұл- өнердің руханишылықпен, мәдениетпен тығыз байланысын көрсетеді. Ал оқушылардың рухани мәдениетін осы өнер арқылы оның ішінде өнердің бір түрі халық музыкасын насихаттау арқылы қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.
Қазақ халық музыкасы ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, тарихи әлеуметтік өмірі мен толғаныс-тебіреністерін үздіксіз жырлап келе жатқан рухани мол қазына. Адамзат дамуының философиялық, эстетикалық заңдылықтарына сүйенсек, жеке тұлғаның рухани дамуына көркемөнер мен мәдениеттің ықпалы туралы мағлұматтар сонау ерте заманнан бастау алды. Қазақ даласындағы ұлы ғұламалары музыка өнерінің теориялық және тәжірибелік негіздерін дамытуда маңызы зор еңбектер қалдырды.
Олар болашақ ұрпақты имандылық, эстетикалық, ақыл-ой сияқты қасиеттерге тәрбиелеуге зор еңбек сіңірді. Міне, осы бай құндылықтар, қазақтың ұрпақ тәрбиесінде пайдаланып келген тәлім-тәрбие құралдары, асыл арналары саналады. Қасиетті ата-бабаларымыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттерін ұрпақтарының сана-сезіміне сіңіруді басты мақсат ете отырып, ұрпағының ақылды, адамгершілігі мол, мейірімді, сыпайы мінезді қалыптасуымен бірге, оның бойынан сымбаттылықты, сұлулықты, өнерге деген бейімділік пен шеберлікті көруді арман еткен және сол қасиеттерге баулудың жолдарын, құралдарын, әдістерін жасап отырған. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, имандылық, бауырмалдық, балажандылық, қонақжайлылық, әдептілік, әсемдік т.б. қасиеттерін таныту білім беретін мекемелердің алғашқы міндеттерінің бірі болып табылады. Осы орайда елімізде халықтық дәстүрді жинақтап зерттеу, саралап игеру, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен ендіру, жаңғырту үлкен міндет болып табылады.
Бүгін де білім саласына көптеген өзгерістер, жаңалықтар енгізіліп, әдістемелік жинақтар шығармашылық ізденіспен дамып келеді. Музыка саласында да дәстүрлі халық музыка байлығын, Қазақстан сазгерлері шығармаларын насихаттау жаңа қырынан алға қойылған, жаңартылған музыка бағдарламалары жасалуда.
Жалпы білім беру жүйесі жас ұрпақты музыка өнеріне баулып, олардың жан-жақты мәдениетті, білімді, ақылды да сымбатты болып өсуі үшін, ең жоғары мүмкіндіктерді қолдануды мақсат тұтады. Еліміз егемендік алып, өз шаңырағымызды тіктеген тұста ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, білімімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндеті қойылды.
Сабақ беру – «үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол үшін жаңадан жаңаны табатын өнер», – деп Жүсіпбек Аймауытов атап көрсеткендей, сабақтастырылған, жаңа технологияларды кірістіре өткізген сабақ ғана шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытып, танымдық деңгейін көтереді.
Қазіргі кезеңде музыка сабағының басты мақсаты -бастауыш сынып оқушыларын өз халқының ән-күйлерінің мазмұнымен, шығу тарихымен, авторларының өмірімен таныстыру арқылы балалардың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру, ұлттық өнер саласының мәдени деңгейін көтеру.
Біз қазақ халқының ұлттық музыкасының шығу тарихы мен зерттелуі туралы оқушыларға мәліметтер бере отырып, қазақ халқының музыка өнерін білудің қаншалықты қажет екенін түсіндіріп, ұлттық музыкаға сүйіспеншілік көзқарас пен құрметтеу сезімін оятуымыз керек.
Қазіргі мектеп мәселесі – қазақ елдігінің мәселесі. Бұл ұлттық, халықтық, мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе. Қай заманда болсын жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болатындығы белгілі. Егеменді Қазақстан Республикасының болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Қазақ халқы кұлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен тәтті күйді ұнатқан . Домбыра сөйлейді , қобыз жеткізеді , сыбызғы білдіреді деген сөз тіркестері қазақ мәдениетінде кездейсоқ кездеспейді . Сабақта оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту да музыка мұғалімінің негізгі міндеті
Қазіргі күні музыкалық педагогикада педагог музыканттың шығармашыл іс-әрекетін дамыту, оны тұлғаның қалыптасуына бағыттау, сезімталдық шығармашылық арқылы өзін, қазақ музыка өнерін тану сиақты мәселелердің бары айқындалды. Мұғалімнің басты міндеті қазақ халық музыкасына оқушылардың назарын аудара білу қабілеті болып табылады. Қазақ халық музыкасының идеялық мазмұны маңызды екендігі іс-тәжірибе жүзінде дәлелденген. Сондықтан мұғалімнің міндеті музыканы меңгеруде сыныптағы оқушылардың нақты эмоциялық көңіл-күйін қалыптастыра отырып, арнайы оның мазмұны, сипаты жөнінде білім беруде шығармашылық ізденісті ұйымдастыра білгені жөн. Осының нәтижесінде білім алушыларда шығарманың идеялық-эмоциялық бейнесін жасауға, мазмұнның эмоциялық – ойын ашуға және үйретілген туындының көркемдік бейнесін көркемдік мәнерлік құралдарды табуға толығымен мүмкіндік болады.
Қазақ халқының ұлттық музыка өнері негізіндегі педагогикалық, психологиялық әдебиеттану, өнертану ғылыми еңбектерді талдау, оқушылардың музыкалық білім мен тәрбиесін ұлттық өнердің негізінде жетілдіруге байланысты көптеген құнды ой-пікірлерін оқу-тәрбие жүйесінде қолдануға болады.
Аспапта ойнау кезінде балалардың тұрып-ойнау немесе отырып ойнау қалпын қадағалау қажет. Аспаптарды меңгерудің ең алғашқы қадамы ретінде окушылардың ырғақ сезімін дамытатын қарапайым жаттығулар жасау, әр аспаптың ерекшеліктерін ескеру, орындалатын жаттығудың балалардың меңгеруіне жеңіл әрі түсінікті болуын қадағалайды.
Сонымен сабақ өткен сайын оқушылардың аспапты меңгеруі шындала түседі. Мұғалім әр әнді немесе күйді оқушыларға орындату кезінде оған шығармашылықпен қарап, музыкалық аспаптарға лайықтауға болады, тек ол шығарманың орындалу сипаты қандай, мазмұны нені бейнелейді, композитордың айтайын деген ойы не екенін көрсету керек. Сонымен аспапты ойнау музыкалық-педагогика негізінде окушыларды ұйымшылдыққа, бірлікке, сезімталдыққа, адамгершілікке баулыса, оқушылардың эстетикалық тәрбиесіне де мейлінше ықпал жасаудың тиімді жолдарын белгілеу ерекше маңызды.Ал аспаптық музыканың тәрбиедегі ролі оның мәнімен өзіндік атқаратын қызметімен анықталады. Себебі, аспаптық музыкасында көркем бір образ бере отырып, оқушыларға оны танып білуіне, рухани болмысына септігін тигізеді. Тәрбиенің ішінде өте кең, сан қырлы ұғымды қамти отыра, оқушыларға аспапты музыканың әрбір халықтың мәдени және рухани мұрасына дұрыс көзқарасты қалыптастыру, оларды мектепте пайдаға жаратудың жолдарын көрсету маңызды мәнге ие болып отыр. Мұның бәрі, әлбетте, музыка пәні мұғалімдерінің іскерлігінің нәтижесінде жүзеге асады. Осы орайда академик Б.ВАсафьев былай деп атап көрсетеді: «педагог-музыкант өзінің күнделікті жұмысында аспапты орындаушы ретінде, хордың жетекшісі ретінде, музыкалық әдебиетті жақсы білетін әрі оны еркін меңгерген музыка тарихшысы ретінде өзін көрсете білуі тиіс».
Сонымен жоғарыда айтылған педагог-ғалымдарымыздың ой-пікірлері арқылы, аспаптық музыканың оқушыларға жан-жақты тәрбие берудегі мүмкіндігінің жоғары екенін, олардың педагогикалық мән-маңызының бүгінгі таңда бұрынғыдан да арта түсетінін, әсіресе балалардың қызықтыра отырып тәрбиеленуін қалыптастыруда тиімді құралы ретінде пайдалануға болатындығын дәлелдейді.
Сабақ қызықты, көтеріңкі күйде өту үшін, мұғалімнің шеберлігі қажет. Дұрыс сұрақ қоя білу, іздену, ойлану, әр түрлі жағдайлар тудыру, нотамен ән айтқызу оқушылардың шығармашылық ой-өрістерін дамытады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.К.Сахарбаева «Атырау ән-күй мұхиты» – Алматы 2001 2.Ө.Спанов «Домбыра үйренейік», «Әуен» ,1992 3. И.Арабин, Б.Ерзакович «Қазақтың музыка мәдениеті» -Алматы 1957
4.К.Дүйсембінова «Музыкалық білім беру педагогикасы» – Талдықорған,2006 5.«Музыка әлемінде» журналы.
Гүлбайра ШЫНТАЕВА,
Түркістан облысы, Жетісай ауданы,
№1 Жетісай балалар өнер мектебі.