30 тамыз – ҚР Конституциясы күні қарсаңында жетісайлық азаматтар –  «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры арқылы 17 отбасыға баспаналы болу бақытын сыйлады.
         Жаңа қоңысқа ие болғандарға баспана кілтін тапсыру рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен кәсіпкер-меценат Бахаридин Аблазимов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысып, баспаналы болған азаматтарды құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді. Осы баспананың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
         – Бүгін тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған текті халық екені белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандары да баршылық. Көптің көмегімен мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын! – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
       16 пәтерлі «Жаннат сарайы» деп аталатын қос қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Осы 16 пәтердің 12-сі екі бөлмелі болса, 4-і үш бөлмелі. Тұрғын үйлердің жалпы құны  350 миллион теңгені құрайды.
         2015 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры 9 жылда 29 әлеуеті әлжуаз отбасыларды үйлі еткен. Бүгінгі шара барысында тағы бір көпбалалы анаға 17-ші баспананың кілті сыйға тартылды.
        Сонымен қатар қор мүшелері баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Баспаналы болған жандар жомарт жандарға алғысын жеткізді.
         Бүгінгі таңда халқы тығыз орналасқан Жетісай ауданында баспанаға мұқтаж жандардың, соның ішінде жас мемлекеттік қызметкерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызбасты, көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешеуге айқын бетбұрыс жасалып отыр.
ҚОҒАМДЫҚ ҚОР 17 ОТБАСЫҒА БАСПАНА КІЛТІН СЫЙЛАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған