2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 259 кәсіпорны 14,9 мың жұмыскерге 3,3 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 222 ұйғарым берілді және 34,6 млн.теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 13,2 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2,6 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2024 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 245 тексеру жүргізді, оның барысында 6 772 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 5 007; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 703; халықты жұмыспен қамту бойынша – 62.
Жұмыс берушілерге 2 552 ұйғарым беріліп, 321,9 млн теңге сомасына 2 931 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.