Ағымдағы жылдың  басынан бері тұрғындарға 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған Жетісай ауданында жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде Асықата кентінде 3 қабатты 54 пәтерлі, Қазыбек би ауылдық округі Қазыбек би елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызыл таң елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
         Жетісай ауданының  әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс кестесі аясында аудандық мәслихат депутаты Марат Ділдәбековпен біргелікте Қызыл таң елді мекенінде болып, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс жүргізіп отырған кәсіпкермен кездесіп, атқарылған жұмыстардың барысын, сапасын тексерді.
         «Құрылыс НҰРТАС» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған 2 қабатты, 8 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жалпы аумағы 960 шаршы метрді құрайды. Биылғы жылдың мамырында басталған құрылыс жұмыстары қазан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде мұндағы негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жүргізілген жұмыстардың сапасына сенімді болу мақсатында, құрылсқа сапалы отандық өнімдер пайдаланылған. Сонымен қатар, аталмыш тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосылатын болады.
       «Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысында сапаға айрықша көңіл бөлуіңіздер. Бұл үйлерде тұратын адамдардың өміріне ешқандай қауіп төнбеуі керек. «Жоспарды орындаймыз, мерзімінде тапсырамыз» деп адамгершіліктен аттап кетпеңіздер» деді аудан басшысы.
       Бүгінгі күні бұл нысаннан бөлек ауданымызда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінен 900 орындық, Жетісай қаласынан 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінен 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатса, 1 мектеп күрделі жөндеуден, 5 мектеп пен 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтуде. 6 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған. Сондай-ақ, Қарақай ауылдық округіндегі Қ.Сәтпаев пен Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Мырзашөл елді мекендеріндегі мәдениет үйлері де күрделі жөндеуден өтуде.
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН КЕЗЕКТІ 90 ҮЙДІ ТАПСЫРУ ЖОСПАРЛАНУДА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған