«Жастар практикасы» бағдарламасы колледж және ЖОО – ның түлектері үшін оқыған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін мол мүмкіндік бере алады. Биыл Түркістан облысы бойынша «Жастар практикасы» жобасына барлығы 4514 адам жолданған. Аталған жоба бойынша жалақы мөлшері 30 АЕК-ті (110 760 теңге) құрап, мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.
Сондай-ақ бағдарлама аясында жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болған жағдайда «Жастар практикасына» қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Бағдарламаның талаптарына тоқталсақ, «Жастар практикасына» қатысушының жасы 35 – тен аспауы тиіс, сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы тиіс.
Айта кетерлігі 2024 жылы облысымыз бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 47,6 мың жастарды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен нақты 78,8 мың жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды. Соның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жіберіліп, жалпы 10 829 адам тұрақты, ал қалған 11 752 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды.