Бүгінде Түркістан өңірінде 400 мыңнан астам отбасыда 900 мыңнан аса бала өмір сүруде. Оларды зорлық-зомбылықтан және қатігездіктен қорғау, түрлі қылмыстың алдын алу маңызды мәселе. Облыстық Полиция департаменті ғимаратында кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғауда атқарылған жұмыстар жөнінде комиссия отырысы өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық еткен жиынға облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
– Балалардың қауіпсіздігі мақсатында өткен жылы Түркістан өңіріндегі 938 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмаларымен қамтылып, осы жедел басқару орталығына қосылды. Оның 909-ы мектеп, 25-і колледж және 4-еуі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Техникалық мүмкіндік жоқ 145 мектепті қоспағанда жедел басқару орталығына 764 мектеп қосылуға тиіс болған. Оның 617-сі қосылды. Енді орталықта көрінбей тұрған 147 мектепті тезарада қосуды тапсырамын. Құқық қорғау органдарына соңғы 5 жылға талдау жасауды ұсынған болатынмын. Бұл жерде басымдық сандарға емес, анықталған фактілердің себеп-салдарына беріледі. Биыл қараусыз, қиын жағдайда немесе толық емес отбасында, туыстарында тұратын оқушылардың отбасыларын арнайы мамандар тобы аралауды жоспарлап отыр. Тізімі де дайын. – деген Бейсен Дәулетұлы әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен құқықбұзушылыққа бейім оқушыларды «ArtSport» бағдарламасына қатыстыруды күшейтуді тапсырды.
Жиын барысында облыстық Полиция департаментіндегі Жедел басқару орталығына барып, жұмыс процесімен танысты. Негізгі жұмыстың 3 бағыты талқыланып, алдағы жоспарлар пысықталды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев өз сөзінде кәмелетке толмаған жасөсіпірімдерге қатысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларына тоқталды.
Оның айтуынша білім беру ұйымдарында жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алуға бағытталған, мектептегі бес маманның жұмысы қамтылған «Бестерек» жобасы 2023 жылдан жалғасын тапқан. Сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен тәжірибелі психолог мамандардың балалар мен ата-аналарға арналған тренингтер, жеке кеңестер берілетін «Сенім-ай» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді.
Жоба аясында 348 отбасыға психологиялық терапия өткізілген. «Салауатты болашақ» жобасы – онлайн режимде тәуекел тобындағы отбасы балаларының ақпараты қалыптастырылатын жүйе. Бұл жоба шеңберінде тиісті ведомстволар, соның ішінде білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау полиция, прокуратура бірлесіп қызмет атқарады. Сонымен қатар биыл ата-аналармен бірлесе жұмыс істеуге арналған «Саналы ата-аналық тәрбие» атты жаңа 4-ші бағытты іске қосу жоспарлануда. бұдан бөлек балалар арасындағы қылмыс азайған.
Ал облыстық полиция департаментінің ЖПҚБ бастығы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов кәмелетке толмағандарға қарсы орын алған қылмыстардың алдын алу жағдайлары туралы баяндады. Облыстағы бала құқықтарын жөніндегі өңірлік уәкілі Динара Егембердиева «Балалардың құқықтарын қорғау: анықталған өзекті мәселелердің шешу жолдарын айқындау» тақырыбында сөз алса, «Сенім-ай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Малика Жүсіпова Тәуекел тобындағы балалармен ведомствоаралық жұмыс жүргізу барысын тарқатты. 1350 педагог-психологтың білімін жетілдірген «Рефрейм тұлғалық дамыту» орталығының директоры Гүлжан Вероцкая «Кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелер: Түркістан облысындағы жағдайды талдау» атты баяндамасында әлемдік тәжірибеге шолу жасай отырып, болашаққа бағыт-бағдарды анықтау қажеттілігін айтты.
Бұл бағытта биыл білім мекемелері мен аудан, қалалық білім бөлімдерінде дебат, пікірталас, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, тренингтер мен психологиялық дәрістер, жеке кеңестер, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып түзету-дамыту және ата-аналармен жұмыс, семинарлар секілді психологиялық іс-шаралар белсенді түрде өткізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі