ӘЛИЯ, МӘНШҮК, ХИУАЗ – қазақтың аңыз қыздары. Түркістан облысының Жетісай ауданындағы осы үш батырдың есіміне берілген мектептермен менің өмірім де байланысты екен. Әлқиссадан бастасақ, сонау 1989 жылы қолыма дипломды алып, сол кездегі Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласынан ата-анам тұратын Шымкент облысының Жетісай ауданындағы «Красная звезда» совхозының 5-бөлімшесіне келіп, ауылдағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Сол кездегі алғашқы мені жұмысқа баулып, мұғалімдік өмірдің қыр-сырын үйреткен ұстаздар кәзір арамызда жоқ: Дияров Рысқұл, Қаспаев Нұрмыхан, Сахов Абсен, Тәңірбергенов Нұржан, Сулейменов Қуатбай, Матжанов Дүйсенбек, Қалағанов Қуанғали, Дәндібаев Орынбасар, Ереханова Нарзанкүл, Азенова Құрбанай т.б. Құдайға шүкір, сол кезде бірге жұмыс істеген бірқатар ұстаздар қазір зейнеткер: Ізбаев Бердібай, Абжанова Базаркул, Құрбанбаева Балжан, Тәжіғұлова Жаңыл, Сулейменова Аманқос, Базарбаева Нұрбибі, Абдірова Алма, Бекмуханова Рахима т.б. Сол мектепте мұғалім, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорының міндетін атқарушы лауазымдарында, барлығы үздіксіз 21 жыл жұмыс істедім. 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығын мектепте кең көлемде атап өттік. Сол кезде Әлия Молдағұлованың соғыстағы өмірінен көрініс қойып, менің командирдің рөлін сомдағаным бар.

1993 жылы қарашаңырақтан бөлек шығып, көршілес «Қарақай» ауылына көшіп бардым. Сол ауылда 7 жыл тұрдым. Сол ауылдағы Мәншүк Маметова атындағы мектепке балаларым бастауыш сыныптарда оқыды. Бұрынғы Ә.Молдағұлова атындағы мектепте жұмысымды жалғастырдым. Бірақ жұмысқа бара жатқанда, келе жатқанда сол М.Маметова атындағы мектептің үстінен өтетінмін. Мектептің блаларыммен өткізген талай шараларына қатысқаным бар. Сол 1995 жылы Мәншүк Маметова атындағы орта мектепте де Ұлы Жеңістің 50 жылдығы атап өтілген болатын, сол шараға қатысқан едім.

2010 жылы аудандағы № 114 орта мектепке директор болып тағайындалдым. Менің директор ретінде қалыптасуым осы мектепте жүзеге асты. Орыс жазушысы М.Горькийдің «Менің университеттерімдегісі» сияқты, бұл да «Менің мектебім» болды. Осы мектепте істеу менің ұстаздық өмірімдегі ең қиын да ең қызық жылдар болған шығар. Қиыны сол, мектеп сол кездегі аудандағы 125 мектептің ішінде рейтингіде ең соңғы 125 –орында тұрды. Ал қызығы – мектептің сол 125 орыннан 25-орынға дейін көтерілуі болды. Қазір сол кезде қатар қызмет атқарған, марқұм Ильясов Арысбек  ағаймен Пардаев Эсонбойды қайғырып еске аламын. Жалпы жалғыз аттың шаңы, жалғыз адамның даңқы шықпас деген рас ау. Сол кезде иық тіресіп бірге қызмет атқарған, менің бастамаларымды қолдаған, өздері де тың идеялар ұсынатын әріптестерім Қантаева Дана, Ильясова Орын, Султанов Юлдаш, Нұртазаева Роза, Мыржыбаева Ұлжалғас, Гайбуллаев Дилмурат,  Байжанов Абдулла, Абенова Сарқытгул, Худояров Рахмат, Серікбекова Назира, Дадаев Ергеш, Есенбаев Байбота, Тлеуова Гулшат, Турсунов Салим, Налибаева Жанат, Жүсіпбекова Жадыра, Турсунов Камил, Ажибеков Еркін т.б.– бүгінгі таңда сол білім ордасының белді ұстаздары. Өзім жұмысқа қабылдаған Каримова Ақмарал, Серікбаева Аңсаған, Қарабаев Сейіл, Байжанов Умит, Бектұрсынов Бекхан – бүгін әбден ысылған жетілген ұстаздар.

Міне сол қара шаңырақ – № 114 жалпы орта мектебі 2019 жылы қаңтарда жаңа ғимаратқа көшті. Мақтарал ауданының екіге бөлінуіне байланысты бұл мектеп № 28 жалпы орта мектебі болды. Осы жаңа ғимаратта 6 ай шамасында директорлық қызмет атқардым. Ең есте қалар істердің бірі – мектепке есім беру болды. Алғашында шұғыл аудан әкімшілігіне жиналысқа шақырып, мектепке атау беру мәселесі қаралды. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары М.Жолдасбеков мектепке тың, жаңа, ауданда жоқ, бірақ балаларға тәрбиелік мән бере алатын атау таңдауды тапсырды. Сонда есіме сап етіп Хиуаз Доспанова есімі түсті. Несі бар, ауданымызда қос шынардың атында мектеп бар, бірақ қазақтың үшінші аңыз қызының атында ештеңе жоқ ау деген ой келді. Хиуаз Доспанованың есімін берсек, бұл балаларда да патриоттық сезім оятып, өз мектебіне деген мақтанышты ұлғайтып, жауапкершілікті арттыра түседі емеспе… Сонымен, осы пікірімді мектеп ұжымына айтқанымда, олар толық қолдады. Жаста болса білікті тарихшы ұстаз Ж.Налибаеваға мектептің тарихын, Хиуаз Доспанованың өмірін зерттеп жазуды, ал екінші тарихшы ұстаз Халим Турсуновқа қажетті құжаттарды жинақтап, комиссияға өткізуді тапсырдым. Жұмыс барысын бақылап, қажет кезінде ақыл кеңестерімді беріп отырдым. Айта кету керек, осы жұмыстарды атқаруда сол кездегі «Сырдария» университетінің ғалымдары да қол ұшын берді.

Сол 2019 жылдың маусымында ауданымыздағы С.Сейфуллин атындағы № 29 жалпы орта мектебіне басшылыққа ауысып кеттім. Қазір сол мектепте қызмет атқарып келемін. Басқа мектепке ауысып кетсемде, сол № 28 жалпы орта мектебіне ұсынылған есім ономастикалық комиссиядан өтермекен деген сұрақ маза бермей жүрді. Бұл туралы «Фейсбук» әлеуметтік желісінде де жаздым. 2020 жылғы қыркүйек айының соңында қуанышты хабар келді. Қуанғанымды ай сол кездегі… 2020 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 599 қаулысымен Жетісай ауданының «№28 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Бұл шын мәнінде қуанатын күн болды. Ауданымыздағы бір мектепке қазақтың үшінші аңыз қызының, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімінің берілуіне атсалысқандардың бірі болғанымды мақтан етемін.

Алдымен Әлия Молдағұлова мектебінде Батыр қыздың бюсті, өткен жылы Маншук Маметова мектебінде бюст орнатылып, ол шараларға қатысқан едім. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай қазақтың үшінші аңыз қызының бюсті сол Хиуаз Доспанова атындағы мектепте ашылғалы тұр. Осы орайда Х. Доспанова атындағы мектеп ұжымын Ұлы Жеңіс мерекесімен және Хиуаз Доспанованың бюстінің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Қуаныштарыңызға ортақпын, «ЖАРАЙСЫЗДАР!» дегім келеді.

Жазба авторы:

Юсуп Давлатов,

Х.Доспанова атындағы N28 ЖББМ экс директоры.

Жазбаны жариялаған:

Динара Налибаева,

Х.Доспанова атындағы N28 ЖББМ тәлімгері.

ҮШ АҢЫЗЫ ҚАЗАҚТЫҢ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған