Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай, «Нұр-шуақ» бөбекжай балабақшасының 3 жас «Балдәурен» тобында «Тәуелсіздік — елдігімнің тұғыры» тақырыбында ашық сабақ өтті.
Сабақта балаларға Тәуелсіздік туралы түсінік беру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, елін, жерін сүюге, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы түсінік беру, оларды еліміздің тарихы, оның тәуелсіздік жолындағы күресі туралы қарапайым әрі түсінікті түрде ақпараттандыру мақсат етілді.
Сабақ барысында балаларға еліміздің ұлы тұлғаларын, ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрлерін таныстырып, жас ерекшеліктеріне сай тапсырмалар мен әдістер қолданылды.
Сабақтың құрылымы мен өту барысы кезеңінде балаларға Тәуелсіздік туралы қысқаша әңгіме жүргіздім. Әңгіме барысында балаларға «Тәуелсіздік деген не?» деген сұрақ қойылып, оған жауап ретінде еліміздің тарихы мен қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресін атап өттім. Бұл кезеңде балаларға арнайы әзірленген суреттер мен бейнемазмұн арқылы еліміздің картасы, ұлттық киімдер мен мәдениет элементтерін көрсеттім.
Келесі кезеңде балалардың назарын Тәуелсіздікке байланысты әндер мен тақпақтарға аудару ұсынылды. Балалар ұлттық әндерді тыңдап, бірге айтып, олардың мағынасын түсінді. Балалар мен бірлесіп «Менің елім» әнін орындап, елге деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Сабақтың маңызды бөлігі ретінде әр балаға өзінің туған жері мен елін сүйетіндігі туралы ойларын айтқызып, өз еліміздің бейнесін қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар берілді.
Ашық сабақ барысында балалардың танымдық әрекеті де ерекше болды. Олар Тәуелсіздікке арналған суреттерді бояп, әртүрлі тақырыптар бойынша әңгімелер құрастырып,құрастыру (пазл) шығармашылық тапсырмаларды орындады. Балалардың өздері жасаған туындылары мен өнерлері сабақты жандандырып, олардың қызығушылығын арттырды.
Тәуелсіздікке арналған ашық сабақтың тәрбиелік мәні өте жоғары болды. Балалар ұлттық құндылықтарды ұғынды, өз елінің тарихы мен мәдениеті туралы алғашқы білімдерін алды. Сонымен қатар, балалардың елге деген патриоттық сезімдері оянды. Сабақта қолданылған әдістер мен құралдар балалардың ой-өрісін кеңейтіп, оларды елін, жерін құрметтеуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге бағытталды.
Сабақтың маңызды аспектілерінің бірі — балалардың тіл дамытуы мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру болды. Өйткені, олар өз ойларын ашық айтып, сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, елдің тарихы туралы түсініктерін тереңдете түсті.
Индира ЖАҚСИБАЕВА,
ЖШС Нұр-шуақ бөбекжай балабақшасының
Ортаңғы «Балдәурен» тобының тәрбиешісі.