Биыл құрылғанына 100 жыл толып отырған «Мақтаарал» кеңшарына 1985 жылы сәуір айында директор болып тағайындалдым. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шұғыл шешім қабылдап, «Әбдіжапар «Мақтаарал» кеңшарына басшы болып барасың»,-деді.
Орнымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалдым.
– Асеке, менің мамандығым зоотехник қой,-дедім мұндай ұсынысты күтпеген мен сасқалақтап.
– Әбдіжапар, сен «Мақтаарал» кеңшарының деңгей, өрісін білесің бе? Ол жер Өзбекстанға қарап тұрған кезінде Министрлер кеңесінің басшысының өзі арыз жазып, сол «Мақтааралға»басшы болып баруға сұранып барған. Бүкіл Өзбекстан сол «Мақтааралдан» көп нәрсені үйренді. Ол жер Орта Азия үшін үлкен оқу-үйрену орталығына айналды. Маман жеткілікті, сен елді басқарасың. Ал мақта егетін адам онда жетеді,-деді Асекең байсалды қалыппен. Жолдас Сүлейменов, барлық бюро мүшелерінен өткіз, ертең қарлатын болсын.
Асекеңнің сөзінен кейін ешнәрсе айта алмадым. Бірақ іштей басқа ауданға бірінші хатшы болып барғаным жақсы еді ғой деп отырдым. Ойлап қарасам, сол кезде «Мақтааралдың» деңгей-дәрежесін бағаламаған екенмін.
Сол жылы көктемде 7 мың гектарға мақта егетін «Мақтаарал» кеңшары мақта тұқымын өзгертіп, «Киргиз-3» сорты әкелінген екен. Барлық алқапқа соны егу ұйғарылған. Іске кірісіп, ұйымдастыру жұмысын мықтап қолға алдым. Техника да қол күші де жетеді. Маман жетіп-артылады. Тыңдап көрсеңіз, бәрі білгіш. Мақта дақылын өсіруге өз басым араласып көрген емеспін. Күндіз практика, түнде қолымда – кітап. Мақта егудің әдіс-тәсілі мен ғылыми жолдарын түпкілікті меңгеруге мойын бұрдым. Жеті мың гектар мақта дегеніңіз аз жер емес. Жеті кеңшардың аумағы. Он мың гектар жердің 7 мыңы мақта болса, 2,5 мың гектары жоңышқа, ал қалғаны көкөніс, бау, жүзімдік. Жалпы кеңшарда барлығы бар, 1 гектар жылыжай, 7 МТФ жұмыс істейді, тауық, шошқа фермалары бар. Үлкен бір ауданның шаруашылығындай. Ал қасымыздағы көршілеріміз 800-1000 гектар ғана мақта егеді. Ауданның барлық өнімінің үштен бірін осы «Мақтаарал» береді. Басқаларда жоспар гектарына 28-29 болса, «Мақтааралда» 36 центнер. Міне, теңсіздік! Ауданда орындалмаған жоспарды жылда «Мақтааралға» жүктеме етіп береді екен.
Сол жылы жаңбыр көп жауып, егістіктің жартысынан көбін қайта ектік. Баяғы «Киргиз-3» сорты жоқ, «С-43-27» дегенін егуге тура келді. Сөйтіп, жыл аяғында гектарынан 33 центнерден өнім алдық. Жоспар – 36 центнер. Оған жете алмағандықтан бюрода аздап сын айтылған-ды. Мен сонда «800 гектарға мақта еккен шаруашылықтар 29 центнерден өнім алады, ал 7000 гектар мақталықтан 33 центнерден өнім алсақ, бюрода қаралуымыз керек пе?» деп қарсылық білдірдім. Кейін өнімділік жопарды 35-ке түсірте алдым. Басқа шаруашылықтармен жеріміз қатар, олар каналдың арғы жағында, басқа ешқандай айырмашылық жоқ. Ал жоспар басқаша жасалады. Сол кездегі ауданның басшылары солай шешкен екен. Әрине, бір жылда көп нәрсеге көзім жетіп, аудандағы ондай қайшылықтарды өзгертуге тырыстым. Өзімнің пікір-ұсыныстарымды ашық айтып, көбісін жүзеге асырдым. Соның арқасында абырой-бедел жинап, өз қабілетімді көрсете алдым. Құдайға шүкір, «Мақтааралға» директор болсам деген сол өңірде мықты азаматтар көп-ақ екен. Қызметте жүргенде оны да аңғардық қой. Мысалы, «Большевик» кеңшарының директоры, Социалистік Еңбек Ері Шаблан Ділдәбеков, «Октябрьдің 30 жылдығы» кеңшарының директоры Жолдасбек Ералиев. Мен тағайындалғанда барлығы келіп құттықтады-ау, алайда «Зоотехник Оңалбаев не істей алар екен?» деген ой іштерінде «өліп», екі-үш жыл сынап жүргендей болды. Шаңқай түсте демалып жатқанымда менің мақталықтарымды аралап, сырттан тон пішкендері де бар. Барлық абырой еңбекпен келеді. Уақытпен санаспай, сол 10 мың гектарды күніге аралап, кемшіліктерін түзеп, әр шаршы метрін тыс қалдырмаймын. Ерен еңбектің арқасында ғана өзімді өзгелерге мойындаттым. Мақта өте нәзік дақыл. Күтімді талап етеді. Мысалы, трактор бір жүрген жерінен бір маусымда 11 рет жүруі керек. Яғни, бір гектарды өңдеу үшін ол артындағы қаншама қосалқы темірлерімен 11 шақырым жүреді. Есептеңіз, 11х11=121 шақырым. Сонда бір науқанда бір гектар мақтаның түбін босату үшін 121 шақырым жүруі керек екен. Демек, 7 мың гектар мақталықты өсіру үшін 847 000 шақырым трактормен жүріп өту қажет. Міне, мақтаның жұмысы. Бір жылда 3,5 мың тонна солярка жұмсалады. 1 мың тонна бензин. Есепке жүйрік азамат барлық көлемді өзі-ақ есептеп шығарса болар. Бес жүз техникаға жақсы маман табу да оңай емес. Маман бар, алайда 12 бас маманның біреуі ғана қазақ, ол да мен секілді зоотехник екен.
Үй іздеп, бірер ай отбасымды көшіре алмй жұмысбасты болып жүріп қалдым. Онымен тұрмай балалардың оқуы біткенін күттік. Бұрынғы директор тұрған үйді тамыз айында қайта жөндетіп алдық. Орталық Ленин көшесінде. Үй мәселесі осылайша ыңғайлы шешілді.
Ленин орденді «Мақтаарал» (бұрыңғы «Пахтаарал») совхоз-техникумы 1924 жылы Мырзашөлдің ортасында В.Лениннің шешімімен құрылған, теңдесі жоқ ерекше шаруашылық. Жер көлемі 10 мың гектар. Жер ыңғайына қарап, 100-110 гектарға бөлінген. Алқаптарды суғаратындай арық қазылған. Алқап көлемі мақта теретін машина арғы басына барғанша толатындай етіп есептелген. Сол 10 мың гектар жер әрбір шаршы метріне су баратындай тегістелген. Және әрбір 5-10 жылда жердің рельефі өзгермеуі үшін тағы да тегістеліп отырған. Оған су қазіргі «Достық» каналына қосылған орталық «К-20» каналы арқылы (ұзындығы 28 км, кейін бетон плитамен жаптық) 13 текшеметр су келеді. Бұл каналды қазуға біздің ата-бабалаымыз қатысқан. Көп колхоздарды тау жақтан түгелімен көшіріп апарып қаздырған. Солардың арасында кері қайтпай қалып қойғандары көп. Жалпы су мәселесінде кеңестік дәуірде ешқандай проблема болған емес. Құлақ ашсаң болды белгілі суыңды уақытында аласың. Кеңшарда 8 бөлімше – «Октябрьский», «Коминтерн», «Октябрьдің 40 жылдығы», «Джержинский», «Правда» бар. Қазір барлығының аттары өзгерді. Жер игеретін 500-ге жуық трактор, арнайы техникадан 160-қа жуық автокөлік, мақта теретін 180 машина бар еді. Науқан кезінде егер бір машина тұрып қалса, қандай деталі болса да, соны тез тауып әрі кетсе 2 сағатта жөндеп қатарға қосатынбыз. Соның арқасында 1989 жылы 27 мың тонна мақтаны 100 пайыз машинамен тергізіп алдық. Бұрын-соңңды көп болғанда 60-70 пайызы машинамен теріледі екен. Сол жолы рекорд жасағанымыз бар. Тек сортты 50 тонна мақтаны қолмен тергеніміз бар.
Кеңшарға қарайтын 10 орта мектеп бар. Соның біреуі ғана қазақ мектебі, қалғаны орыс тілді. Өйткені кеңшарда 37 диаспора өкілі тұратын. Мен қызметке барған кезде 17 мың тұрғынның 31 пайызы тәжік, неміс-30, грек-10, орыс-10 пайыз, ал қалғаны қазақтар мен басқа да диаспоралар еді. 1964 жылы кеңшар бойынша барлық бөлімшелер, цехтар газбен қамтамасыз етілген. Көшелері асфальтталған, 87 жер асты суын тартатын құдық су сорғышымен, жалпы 10 мың гектар жердің жер асты суының деңгейін қадағалап тұратын әдейі жасалған тік дренажды жүйе жұмыс істейді. Қай жерде жер асты суы талаптан артық көтерілсе, автоматты түрде насос қосылып, су айдатылып, су басқа арнаға тасталатын. Егістіктің ортасына дейін асфальт төселген, электр желісі су сорғыға дейін жүргізілген, өте ыңғайлы жасалған жүйе еді. Көп сынақтан өткен, кең түрде қолданып келе жатқан мақта өсіру технологиясынан айнуға, бұзуға қақың жоқ. Барлығы іс жүзінде тексеріліп болған, тек соны іске асырсаң болғаны. Орта Азия бойынша оқу орталығы мен техниканы сынақтан өткізу, тәжірибеде қолдану осы «Мақтааралда» болған. Сондықтан ондағы әрбір маман өз ісінің шебері, одан артық ешкім де білмейді. Неміс халқы негізі техникамен, гректер-құрылыспен, тәжіктер-мақтамен айналысатын. Өкімет тек мақтаға ерекше көңіл бөліп, ал қалған мәселеге ешқандай мән бермейтін. Мақтаны көбейт, ал қалғанын біреу шешуі керектей. Экология мәселесі, әсіресе химикаттармен істейтін мамандар мен бригадирлердің арасында денсаулығы нашарлаған, «ақ қанмен» ауыратын адамдар көп болды. Әр бөлімшеде көктемде және күзде бір ұшақ, кеңшар бойынша барлығы 8 ұшақ жұмыс істеп тұрды. Олар көктемде құрт-құмырсқаға қарсы әртүрлі улы заттар шашады. Барлығы ауылдың үстінен өтеді. Ал күзде, мақтаның жапырағын түсіру үшін «Бутиорос» деген у затты шашатын. Оны шашқан уақытта бүкіл Мырзашөл аймағы сасып, ауылдарда жүріп-тұрып болмайтындай жағдай туындайды. Алғашында ойлайтынмын осылай болуы керек шығар деп. Машинаның терезелеріне тамған тамшылары сабынмен жумаса кетпейді. Тағы да әр бөлімшеде ұшақ қонатын алаңға 5-10 гектар жер бөлініп, аэродром секілді орын жасалатын. Бір бригада. Оның тамағы, жататын орнын кеңшар қамтамасыз етеді. Әйтеуір қыруар шығын. Оған ауаны ластағанын қосыңыз. Бір жыл шыдадық. Сосын басқа жолдарын іздей бастадым. Өзбекстанның шаруашылықтарына, институттарына барып, ғалымдармен кездестік. Көп ізденістің нәтижесінде химикаттарды ұшақпен емес, тек жерден шашу керек деген тұжырымға келдім. Арнайы жабдықтар ойластырып, оны Түркістандағы жөндеу зауытында жасайтын болдық. Зауыт 6 ай бойы тек менің тапсырысымды орындайтын болып келісті. 32 ескі тракторды өзімізден күрделі жөндеуден өткізіп, Түркістанда оған бөшке, су шашатын агрегат орнатып, келесі көктемге дейін дайындап қоятын болып келісілді. Ендігі көктемде ұшақтардың қызметінен бас тартатын болдық. Сол мәселемен Шымкенттегі әуежайға, бастығы Владимир Каплунға келдім. Егде кісі. Шымкенттегі аэропорттың атасы болған десе де болады. Жеп отырған нанынан айырылу оңай ма, Каплун тулап келіспейтін рай танытты. «Сегіз ұшаққа қалай жұмыс тауып беремін? Осыншама «Ан-2»-ні ауылшаруашылығы тапсырысымен сатып алғанмын», деп тулады. Ресми арыз жазып, қалдырып кете бардым. Сөйтсем мен кетісімен ол обкомға барыпты. «Мына Оңалбаев 8 ұшақтан отказ берді. Енді оның жерін құрт-құмырсқа басып, мақтаны өңдеу технологиясы бұзылады», деп шағымданған. Сол шағымның негізінде обкомнан комиссия келіп тексерді. Химикат шашуға арналған тракторлардың бәрін көрсетіп, қолдануға тиімді, өнімді, экономикалық тұрғыда арзан екенін айттым. Ең бастысы адам факторын жоғары қойдым. Кейбір мамандардың ауруы туралы қағаз алып қойған едім, соларды көрсеттім. Барлық әрекетімді дәлелді түрде жеткізген соң комиссия менің тірлігімді мақұлдады. Бұл жаңашылдық туралы аудандық газетте үлкен мақала шықты. Алғашында сенбегендер көп болды. Бірақ, 32 трактор далада жұмыс істеп, барлық тиімді тұстары анық байқалған соң, басқа шаруашылықтар да менің тәсіліме көшті. Одан соң басқа ауданның алпауыт бастықтары мойындап, соған 2-3 жылда бәрі көшіп алды. 50-60 ұшақтың кейін Қызылордаға күріш алқабына жіберілгенін Каплунның өзі бір жиналыста айтып қалды. Менің сол бастамамды және нәтижелі жұмысымды көпке үлгі ете газет бетінде материалдар жарияланды, мақташылардың үлкен жиналыстарында айтылып жүрді.
Кеңшарда жылда мақта терімге сонау Павлодар, Семей, Алматы және Шымкенттен 10 мыңға жуық оқушылар, студенттер келетін. Жергілікті мектеп оқушылары сабақты қойып, мақта теруге шығады. Тек біздің кеңшардың өзі 10 мың бала алса, аудан, аймаққа қаншама адам келіп, әбігер болып жатады. Ал мақта алқабына адам келді дегенше бірінші басшыға тыным жоқ. Оның жататын орны, тамағы, дәрі-дәрмегі бар, жалпы барлық жағдайын жасауың керек. Сондағы бір адамның теретіні күніне орта есеппен 15-25 келі мақта. Оның келіп-кетер жолы, тамағы, денсаулығы, басқа да проблемалары көп. Соның бәрін есептесем бір маусымда кеңшар бойынша 1 млн. АҚШ долларына пара-пар шығын шегеді екенмін. Келесі маусымға дайындық кезінде мақта жинайтын машиналарды 100 пайыз жөндеттім. Ол техника Ташкенттен шығатын. Өзбекстанның Шыршығындағы зауытқа барып, мақта теретін машинаға 30 пайыз қажетті қосалқы бөлшектер алдық. Әрине, оны алу үшін зауыттағыларды құр қол қалдырмадық. Мамандарыммен кеңесіп, 1986 жылы күзгі мақтаны теруге адам алмаймыз деген қорытындыға келдік. Мақта терімге арналған үлкен жиналыста сөз алып, мінбеден мақта теруге келген адамдарды алмайтынымды, барлығын машинамен теретінімді жария еттім. Залдағы гулеген дауысты естіп, барлығының қарсы екенін аңғардым. «Жолдастар, мен тағы да да айтамын. Биыл 26 мың тонна мақтаны тек техникамен жинаймын»,-деп қайталадым. Сонда Асанбай Асқаров маған қарап, көзілдірігін қолына алды да: «Жолдас Оңалбаев, мен дұрыс естіп тұрмын ба, сен дұрыс айтып тұрсың ба?»,-деді. Барлық дайындығымды, оның экономикалық жағын, экологиялық әсерін түгел жайып салдым. Сонда ол кісі де сәл сенімсіздікпен: «Жарайды, естідіңдер ғой, мен өзім лично бақылауға аламын, бюрода тікелей жауап бересің», -деп тапсырманы нықтай түсті. Мінбеден түсіп, орныма келе жатырмын. Бірінші қатарда кілең ауданның бірінші хатшылары отыр. Шетінде Түркістан ауданының бірінші хатшысы, бүгінде Мәжілісте депутат Розақұл Қалмұрадов отыр екен, қолымнан ұстап: «Әбеке, асығыстық қылдың ау», деді. «Уақыт көрсетер» деп үндемедім. Жиналыста жігерленіп, намысты қолдан бермеймін, деген талпыныспен кеңшарға келдім. Ауылдағылар да у-шу. Олар да адам қолынсыз, сырттан келетін терімшілерсіз мақтаның жиналатынына сеніңкіремейтін секілді. Барлық бөлімшелерде жиналыс өткізіп, жергілікті тұрғындардың мақтаға шықпай, басқа жұмыспен айналысуы, механизаторларға жағдай жасау қажеттігін айттық. Жұрт аң-таң. Мектептерде сабақ үзілмейтін болды. Әсіресе, 2 ай оқуын мақта теріммен өткізетін оқушылар қуанышты.
Сонымен, науқан басталып кетті. 180 мқта жинайтын техника егістікке түгел шықты. Мамандар күні-түні жұмыс істеді. Бір машина тұрып қалса «ЧП», күніге түнгі 12-де лездеме. 130-150 адам түнде наряд тыңдайды, әр бөлімше басшылары өзінде отырады. Біз бас мамандармен орталықта рация арқылы сөйлесіп, сұрағына жауап береміз. Тікелей пікірлесіп, қателігі мен кемшілігі болса айтып, тапсырма-кеңес береміз. Бір күнде 2896 тонна мақта өткізіппіз. Бұл сол «Мақтааралдағы» рекорд екенін кейіннен білдім. Сөйтіп, Жаратқан ием қолдап 12 күнде мақтаның жоспарын орындадық. Обкомға А.Асқаровтың атына жеделхат жібердік. Ол кісіден құттықтау телеграмма алдық. Міне, осылайша қол терімсіз-ақ жинаймын десе мүмкіндік бар екенін дәлелдедім. Одан кейінгі жылдары облыста мақта теріміне адам алмайтын болып шешті. Әркім өз күшімен жинайтын болды. Тың бастаманы іс жүзінде дәлелдегеніме қанағт сезіммен қараймын. Қаншама адамды мақта теру қиындығынан құтқардым. Сол жылы 26360 тонна мақта 100 пайыз машинамен теріліп, 12 күнде жоспар орындалды.
Экологияның зардабынан, улы химикаттарды жыл сайын екі рет қолданғанның салдарынан денсаулығы нашарлағандар көп болғанын жоғарыда айттым. Ауруын айтуға намыстанып, жұмыстан қол үзбей жүргендері де баршылық. Онымен тұрмай, отбасын асыру қажет, сөйтіп ем алуды кейінге қалдырып жүргендеі де жетерлік. Жергілікті тұрғындардың емделуге, денсаулығын түзеуге септігі тиетін жағдай жасау қажет. Қалай? Кеңшарда арнайы салынған, яғни жұмыстан соң дем алып, шай ішетін орындар бар. Ол жайларда қонақтарды күтіп-шығарып салуға барлық жағдай жасалған. Сауна, бассейн 50 адамза зал, бильярд дегендей. Сол жайларға жататын төсек-орын мен ванналар қойғыздым. Еркектерге бөлек, әйелдерге жеке жарықпен емдейтін бөлмелер жасап, емделетін-демалатын орын аштым. Жабдықтардың бәрін Ташкенттен алдырдым. Тамағы, ем-домы барлығы кеңшар есебінен. Бір мезгілде 20 адам он күн емделіп, демалып шығатын мүмкіндік бар. Яғни, жылына 1000-нан астам адам денсаулығын түсей алады. Кезегімен. Денсаулығы нашарлаған мамандарды, жұмысшыларды, әсіресе химияда көп істегендерді жылына бір рет емделетіндей жағдай жасадық.
Кәсіподақтың атынан да көп адамды курорттарға жіберетінбіз. Бірақ, бізде арнайы ем алатын. Оған басшы етіп бұрын Жетісай ауданында 40 жыл бас дәрігер болған, бірақ жасы келген соң зенйнеткерлікке шыққан Айша Кеуренбаева апайды тағайындадық. Астына жеңіл көлік әперіп, оның да жағдайын жасадық. Директордың емдеу жөніндегі орынбасары, деген бұйрық берілді. Бұл ісімізді көпшілік қолдады. Алғысын білдіргендер қаншама. Ауыл ақсақалдары мен ардагерлер де демалып жүрді. Қалың баудың ішінде орналасқан, әдемі салынған ғимарат. Жол, барлық инфрақұрылымын өз жобаммен жасап, елдің алғысын алдым.
Әбдіжапар ОҢАЛБАЕВ,
Түркістан облысының Құрметті азаматы.