1418 күн мен түнге созылған қайғы қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған соғыстың зардабын шеккен жетісайлық ардагер Попков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Жетісай ауданындағы Ұлы Отан Соғысының соңғы ардагері бүгін жалпыхалықтық санаққа онлайн тіркелді.
1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет етеді. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс баталионында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек етеді. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан 5 немере мен 9 шөбере сүйген қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
«12 Кеңес Одағының Батыры шыққан Мырзашөл топырағының әрбір майдангері көрсеткен жанқиярлық пен отансүйгіштік қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі – аманат болуы тиіс» дейді қарт майдангердің өзі.
Жетісай аудандық статистика басқармасының басшысы Жұмабек Әбсаттаровтың айтуынша дәстүрлі санақ кезінде өзін санақшы ретінде таныстырған өкілдің арнайы бейджигі және ондағы қойылған басқарма басшыларының қолы мен мөрі болуы шарт. Бұдан бөлек, халық sanaq.gov.kz сайты арқылы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн режимде өтуге де болады. Арнайы сайт арқылы отбасынан бір адам ЖСН-і бойынша бүкіл отбасын онлайн тіркей алады және кез-келген тұрғынның санақ бойынша қосымша мәлімет алу үшін «1446» байланыс орталығына хабарласуына болады екен.
Айта кетейік, 174 904 тұрғыны бар Жетісай ауданынды жалпыхалықтық санаққа онлайн форматта тіркелуі жоспарланған 69 962 тұрғынның 42 637-і бүгінде тіркеуден өтіп үлгерген.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ СОЛДАТЫ САНАҚҚА ОНЛАЙН ТІРКЕЛДІ