Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен студент жастар қаладағы «Сырдария» университетінің тарихи-танымдық музейінде болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың Наурыз мерекесіне дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу жайындағы тапсырмасы негізінде бекітілген «17 наурыз – Тарих күні» аясында өткен шараға Жетісай қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің, Жетісай Жоғары медицина колледжі мен «Жанықұл» медициналық колледждерінің студенттері қатысты.
  Студенттерді оқу орынының алдынан күтіп алған тарихшы-профессор Мырзабай Мейірбеков ортағасырлық Үтіртөбе қаласына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған тарихи құндылықтармен таныстырды.
  Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде бұл ортағасырлық қалаға алғаш назар аударып, зерттеуді қолға алған Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінің «Отан және шетел тарихы» кафедрасының профессор-оқытушылары Сабира Апашева мен Мырзабай Мейірбековтің дабыл көтеруімен ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына университет тарапынан қаржы бөлініп кәсіби археолог-мамандардың жетекшілігімен археологиялық зерттеулер жүргізіле бастаған. Ең алғаш 2004-жылы тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасеновтың, ал, 2009, 2010, 2014, 2015 және 2016-жылдары тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Елеуовтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған қыш құмыралар мен керамикалық бұйымдар, қылыштың сынықтары мен жебелер сынды тарихи жәдігерлер бүгінде «Сырдария» университетінің мұражайында сақтаулы тұр.
  Профессор Мырзабай Мейірбековтың айтуынша ортағасырлық Үтіртөбе қаласы Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Үтіртөбе ауылынан 12,1 шақырым солтүстік-шығыста, Сырдария өзенінің сол жағасынан оңтүстікте 2 шақырым жердегі Сорөзектің жағасында орналасқан. Жылдың 2-3 айынан басқа айларында Сырдың суы тасып, топан судың ортасында қалатын қала үстін қамыс пен жыңғыл басып жатыр.
Сырдың суы ортағасырлық Үтіртөбе қаласын жылда басып, шаһардың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін шайып, көлемі жылдан-жылға кішіреюі салдарынан 15-20 жылда тегіс жойылып кетуі де мүмкін екен.
   Қаланың ежелгі атауы белгісіз, ешқандай жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық бұл ортағасырлық қаланың атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды. Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін дейді ғалым. Өйткені, «Ұтырлы» – қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір белгісіне» ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атап кеткен көрінеді.
  Туған жердің тарихи құндылықтарымен тереңінен танысқан жетісайлық студенттер университет ұстазына өз алғыстарын білдіріп, археологиялық қазба жұмыстарына қатысуға қызығушылықтарын білдірді.
  «Өткенін білмейтін елдің болашағы бұлыңғыр. Жастардың туған жердің тарихи орындарына, ол жерлерден табылған тарихи құндылықтарына қызығушылық білдірулері көңіл қуантады. Еліміздің, ата-бабамыздың өткенін, тарихын білу арқылы біз болашағымызды бағамдай аламыз» дейді профессор-тарихшы Мырзабай Мейірбеков.
ӨТКЕНІН БІЛМЕЙТІН ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған