Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне  кіру барысында қазіргі кезде  Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс  педагогика теориясы мен оқу-тәрбие ісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық іскерлігін дамытуды, музыка пән мұғалімінің іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді.

Еліміздің болашақта көркейіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді.

Қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе  – әлеуметтік- педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру, оларды жүзеге асыра  алатын мұғалімдерді даярлау.

Мұғалімдерді даярлау – қай уақытта да ең  өзекті мәселелер қатарына кіретіні белгілі. Себебі қоғамның әлеуметтік-экономикалық міндеттері  заманына сай өзгерістерге ұшырап, өскелең ұрпақты соған лайықтап өмірге  бейімдеудің жаңа талаптары туындап отырады.

Қазіргі мектеп жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне өту, оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, жаңа инновациялық педагагикалық технологияны игерген, психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік  іс-әрекет үстінде өзіндік  даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог-зерттеуші, ойшыл мұғалім болуын қажет етеді.

Мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқыту үрдісін ұйымдастыру  жаңа педагогикалық технологияны ендіруді  міндеттейді.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологиясын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру болашақ музыка пәні мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына  көмектеседі [1].

 Оқу барысында  музыка пән мұғалімі оқылатын пән мен оқушы арасындағы дәнекер түйін сияқты. Ол өз оқушысымен де, оқытатын пәнімен де тығыз байланыста. Осының өзі музыка пән мұғалімінің бүкіл іс-қимыл ерекетімен қызметіне оның тұлғасына, белгілі бір өріс аумағына сай талап қояды.  Осыған орай музыка пән мұғалімінің іс-әрекетінің, қызметінің өзіндік ерекшілігінің мәні зор екені байқалады. Оқытушы өзінің жұмысында әрбір оқушыға өз алдына жеке-жеке педагагикалық тәсілдер қолданады. Болашақ маманның ең негізгі міндеті – таңдаған мамандығы бойынша теориялық білім мен тәжірибелік дағдысын ұдайы меңгеру болса, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына педагогикалық іс-тәжірибе кезеңінің зор көмегі болады. Болашақ музыка пәні мұғалімдерін кәсіптік мамандыққа сәйкес даярлаудың негізгі мақсаты – музыка өнеріне баулу.

Музыка өнері тек эстетикалық тәрбие құралы емес, оның өзге де сипаттары бар: ұлттық болмыс, мазмұн, сипат. Сондықтан да жастардың тәрбиесіне ықпал ететіндей жаңаша түрін іздеу керек. Музыка өнері әр түрлі қызмет атқара алады:

1) Қатынастық  қызмет.

2)  Кәсіби бағытпен тікелей байланыста музыканы дамыту.

3) Жастар ойын, олардың  жалпы білімдік  деңгейін  мамандыққа сәйкес дамыту.

 4) Мамандыққа  сәйкес тәрбиелік  қызмет т.б.

Осылардың негізінде орындалатын біздің міндетіміз:

– қазақтың ұлттық мәдениетінің жай-күйін зерттеу;

– жастар арасындағы мәдени-рухани байлықтарды кеңейту;

– музыка саласындағы жетістіктерін насихаттау;

– жас ұрпақтың эстетикалық тәрбиесіне мейлінше көңіл бөлу.

Музыкалық білім мен тәрбие берудің негізі – ұлттық дәстүрде. Қазақ халқының мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін зерттеу мәселесі де жас ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызға ие болды. Оқушы музыка әуенінің өзіндік ерекшілігін, табиғатын түсінуі керек. Кез келген музыкалық шығарма мінездемесі, құрылымы, мазмұны, жанры, стилі, шығу тарихы жағынан бірінші кезеңде тұтастық талдау әдісіне бағынышты. Екінші кезеңдегі бөлшектеп талдау әдісі музыканы өңдеу, әуенді музыкалық құралдардың айқындылығын меңгеруді тереңдетеді. Ал, үшінші кезеңдегі тұтас талдау әдісі  өнердің  бір-біріне жақын түрлерін біріктіреді. Мектептегі  барлық оқу және сыныптан тыс эстетикалық бағыттағы жұмыс барысы музыка пән мұғалімінің кәсіби білімін, іскерлігін талап етеді. Музыка пәнінің мұғалімдері кәсіби-педагог ретінде мамандыққа бағытталған оқу пәндері негізінде дайындалады.

Музыка мұғалімінің қызметі ұйымдастырушылық, танымдық, эмоционал-дық, т.б. бірнеше бағытта жүргізіледі:

Ұйымдастырушылық бағыт мұғалімнің оқыту, тәрбиелеу процессін жоспарлау және ұйымдастырудан құрылады. Бұл оқу материалын іріктеу, оқу және тәрбие жұмыстарының түрлі формаларын, сабақ барысын ұйымдастыру, т.б. Бұл үшін мұғалім мынадай заңдылықтарды білуге тиіс:

– мектептегі музыкалық қызметті ұйымдастырудың негізгі формаларын;

– ұлттық бағдарламаның мазмұнын, оның идеялық, теориялық негізін, дидактикалық принциптері мен әдістерін;

– музыкалық шығарманың көркемдік және тәрбиелік мәнін;

– оқушылардың жас ерекшеліктерін;

– оқыту-тәрбиелеу процессін ұйымдастырудың формалары мен әдістерін әр сынып деңгейіне байланысты таңдай білу;

Танымдық бағыт мұғалімнің оқушылардың ой қызметін басқаруына байланысты құрылады.

Бұл үшін мұғалім:

– ғылыми теорияның методологиялық және психологиялық-педагогикалық негіздерін білуге;

– білім мен дағдының дидактикалық принциптерінің қалыптасуын қадағалауға;

– танымдық процесстердің мүмкіншіліктерін және ақыл-ой қызметін бірте-бірте жетілдіру арқылы басқаруға;

– оқытуды анық логикалық түсініктемелер арқылы құра білу;

– пәнаралық байланысты қолана отырып, жүйелі білім беруге;

– өткен материал мен өтілетін материалды байланыстыра отырып, логикалық шешемдерді жасауға;

– оқушы бойында музыкалық білім алуға өз еркімен ұмтылысын тәрбиелеуге міндетті.

Эмоцианалдық бағыт  мұғалімнің музыка өнеріне деген көзқарасына және оның оқушылардың әсемдікті сезіну қабілетін қалыптастыруына байланысты анықталады.

Бұл үшін музыка пәнінің мұғалімі мынаны ескеру қажет:

– мектептегі музыкалық тәрбие жұмысының қоғамдық тәрбиедегі ролін;

– эмоционалдық тәрбиенің жеке адамның жан-жақты қалыптасуындағы маңызын;

– музыка өнерінің адамға тигізер әсерінің ерекшеліктерін;

Сонымен қатар музыка маманы бала бойында музыкаға эмоцианалдық көзқарасты тәрбиелеуге, эстетикалық қажеттілікті дамытуды бағыттауға, әсемдікті музыкалық форманың ең жетілген түрлері мен идеялық-образдық мазмұнының бірлігі арқылы қалыптастыруға міндетті. Музыка өнері арқылы патриотизм, интернациолизм сезімін тәрбиелеуге, музыкалық материалды толық игеру үшін сабақ барысында эмоцианалдық қалыпты сақтауға, оқушылардың музыка өнерін терең ұғынуы үшін эстетикалық толғаныс әлемін байыту, кеңейту үшін жұмыстануға міндетті.

Ізденушілік бағыт мұғалімнің оқу процессін жетілдіру арқылы және кәсіби шеберлігін көтеру арқылы көрінеді.

Бұл мұғалімнің өзінің музыкалық- педагогикалық қызметін талдау мен және озат педагогтар тәжірибесін, жаңа әдістерді педагогикалық қызметке енгізуімен ұштастырылады.

Белгілі музыкант-педагог Б. В. Асафьев өзінің ғылыми еңбектерінін бірінде: «Жалпы білім беретін мектетегі музыка мұғалімі музыканың белгілі бір ғана саласының маманы болмауы керек. Ол әрі теоретик, әрі регент, сонымен бірге музыканың тарихшысы, музыканың этнографы және аспапты меңгерген аспапшы болу керек. Ең бастысы, ол музыка әдебиетін, яғни музыкалық шығарманы мүмкіндігінше көп пайдалануы шарт“, –  деген пікір білдірді. Бұл қағиданы педагог Д. Б. Кабалевскийде растап «Музыка мұғалімі білімді оқытушы болу керек“,- деген ой айтты, ендеше өсіп келе жаткан жас ұрпақтың рухани байлығының іргетасы калай қаланса, мемлекеттің болашағы, өмірге деген ынта – жігері де сондай болмақ  [2].

Қоғамның даму үрдісі қандай болса, мектептің сана деңгейі де сон­дай болатыны бесенеден белгілі. Бұл тұжырымға педагогикалық тұрғыдан қарасақ, қандай да болмасын білімді игеру, үйрену өз нәтижесін береді, егер оқытушы мен студент өздеріне не керектігін толық біліп түсінсе, оқытушы – өзінің білімін беру, оқушы – ол білімді кабылдау, үйренуі тиіс.

Қазақкомпозиторларының қай шығармасы болмасын халық тағдыры мен ел өмірін бейнелейтін философиялық толғанысқа құрылады. Оған мысал ретінде, Құрманғазының «Кішкентай», «Ақсақ құлан“, Махамбеттің «Жұмыр қылыш“, Динаның «Он алтыншы жыл“ т.б. күйлерді алуға болады. Халқымыздың, осы секілді музыкалық мұраларын қолдана отырып, бүгінгі таңда музыка мұғалімдері ертеден келе жатқан ата-бабаларымыздай музыканың, құдіретін терең түсініп, оны өзінің рухани азығы етіп, адам өмірін нұрландыруға ат салысатын музыкалық білімді азамат тәрбиелеу –  егеменді еліміздін білім беру саласының алдында тұрған мәселелердін бірі болып отыр. Бұл міндетттерді жоғарғы оқу реформасында атап көрсетілгендей жалпы музыкалық білім беретін жоғарғы оқу орындары музыкалық-теориялық пәндер және негізгі аспап оқытушыларының бірлескен күш – жігерінің нәтижесінде ғана ойдағыдай жүзеге асыруға болады. Мұғалім оқушының қабілетін үздіксіз дамыта отырып, оны жан-жақты жетілген, ой-өрісі, дүниетанымы кең, өнерге құштар етіп тәрбиелеуі тиіс [3].

Мұғалімсабақты творчестволық жолмен тартымды, әсерлі ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді сабақ үстінде орынды пайдаланып, оқыту мен эстетикалық тәрбие әдістерін жетілдіріп отыруы, сабақты студенттің музы­калық қабілетіне карай, ойлау, үйренуі, меңгеру, білуге құмарту т.б. психологиялық ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру кажет. Сонымен катар, оқушыны көпшілік алдында өнер көрсетуге баулу керек, ол дегеніміз – көпшілік алдына шығып жеке өнер көрсету, бір жағынан оқушының орындау шеберлігіне сын болса, екінші жағынан оның жауапкершілігін де арттырады. Бұл жерде оқушының  бойында сахнаға «жеткілікті түрде даярмын» деген өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеп отыруы да мұғалімнің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

  Оқушының тыңдататын музыка туралы түсінігі төмен болса, қабылдауы әлсіз және керісінше болады. Оқушының қиялы мол, бай болса, ол соғұрлым музыканы қабылдай біледі. Музыкалық шығарманы қабылдай білудің бір көрінісі музыкаға деген зейіні. Оқушы тыңдайтын шығармаға зейін қоймайынша, қабылдау үрдісі нәтижелі болмайды. Сондықтан мұғалім оқушының шығарманы зейін сала тыңдауын қамтамасыз етуі қажет. Бұл реттен оларды қызықтыратын түрлі әңгіме, басқа тәсілдерді пайдалануымыз қажет. Бұл туралы Ы.Алтынсарин: «Егер балалар бір нәрсе түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» – деп жазды. Оқушылардың зейінін дұрыс қалыптастыру үшін музыка әсері терең толуы шарт [4].

Жазушы М.Горькийдің «Өткенді білмейінше бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес», –  деген сөзіне жүгінер болсақ, оқушыларғамузыкалық білім беру, таңдаулы халықтық, шетелдік және орыс классикалық музыкасын, шығармаларын сүйіп тындай, орындай білуге дағдыландыру, үйрету мұғалімнің кай уақытта болмасын ең басты міндеті. Болашақ музыка мамандарының сезімдерінің әсерлі дамуына эсте­тикалық қабылдаудың, музыкалық ой-өрісінің кеңеуі, музыканы тыңдап түсінуде, репертуарлық материалдың маңызы зор. Оның эстетикалык мәні жайында Д. Б. Кабалевский: «Музыканы тыңдай отырьш біз әрқашанда, онын мазмұнын, композициялық әдемілігін түсіне отырып, ондағы адам жанына әсерін, сезімін оятарлық күшін тіпті былайша айтқанда өзіміздің көз алдымызға келетін өмір көрінісін байқауымыз керек»- деп жазды [5].

Әдебиеттер

  1. Джердемалиева Р.Р. Проблемы подготовки учителя музыка для национальной школы. // Проблемы подготовки учителя-музыканта: Методические рекомендация. -Алматы: РИК МО РК,1996 г. – 105 с
  2. Абдуллин Э.Б. Методологическая культура педагога-музыканта. -Москва: Музыка, 2011 г. –123 с.
  3. Әубәкірұлы Б., Қалиев Ж. Педагогикалықинновациялардыжәнеақпараттықтехнологиялардыбілім беру жүйесіндетиімдіпайдаланужолдары. -Астана: Фолинт, 2016 ж . – 232 б.
  4. Ахметова А.Қ. Мектептегі музика сабағын оқыту принцптері. -Алматы: “Полиграфия-сервис и К”, 2015 ж.-104 б.
  5. Юсупов Б., Машенбаев Т. Б., Әбілов Е. С. Педагогикалық практика. -Алматы: ҚазМемҚызПИ,  2005 ж.-141 б.

Қосан Ғабит Жамалбекұлы,

ғылым магистрі,  №1 Жетісай балалар өнер мектебінің мұғалімі

МУЗЫКА МҰҒАЛІМІНІҢ ІС-ӘРЕКЕТІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІКТЕР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған