Наурыз – ызғарлы суық қыстан кейін табиғатты түрлендіріп, тіршілік атаулысына жаңа өң беретін кезең. Ұлыстың Ұлы күні – адамзат баласы бір-біріне ізгі тілектерін айтып, жүрек жылулығын сыйлар ұлттық мейрам.
Әз-Наурыз мерекесіне орай ауданымызда іс-шаралар өз жалғасын табуда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Балдәурен» күндіз болу оңалту орталығы наурыз мерекесін өз дәрежесінде атап өтті. Ерекше көңілді қажет ететін бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйланды.
Іс-шараға аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, «СберБанк» АҚ Түркістан облысы, Түркістан қаласы филиалы төрағасының орынбасары Дәулет Зұлпықаров пен «Аялайық балаларды» қайырымдылық қорының басшысы Жармахан Серікұлы, тұрғындар мен ата-аналар қатысты.
Жиында аудан әкімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Балдәурен» күндіз болу оңалту орталығына Наурыз мерекесіне орай екі шағынавтобустың кілтін табыстады. Мекеме басшысы Нұрлан Жамбаевтың айтуы бойынша, бұрын көліктің жоқтығына байланысты 2017 жылдан бері балаларды жалдамалы шарт түрінде тасып жүрген. Игі істің бастаушысы «Аялайық балаларды» қайырымдылық қоры «СберБанк» АҚ демеушілігі арқылы оңалту орталығының игілігі үшін 13 млн теңге бөлдіріп, бөлінген қаржыға 2 әлеуметтік көлік алған.
«Жетісай өңірі бойынша оңалту орталығы бүгінде 50-ден астам бүлдіршінді қамтып отыр. Қазіргі таңда орталыққа қатынайтын бүлдіршіндердің ішінде сауығып, денсаулығы жақсарып жатқандары да бар» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Досыбайұлы.
Іс-шара барысында қайырымдылық шараларында демеушілік жасап, қолұшын созып жүрген азаматтарға аудан әкімі Мұрат Болатұлының, аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утановтың, «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжановтың атынан алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік шараның жоғары дәрежеде өтуіне аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен орталық қызметкерлері атсалысып, патриоттық әндер шырқалды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНА ШАҒЫНАВТОБУСТАР СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ