Жетісай ауданының білім бөлімінің «Әл-Фараби атындағы N12 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 27.11.2024 жылы директордың бейіндік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары М.Турсынходжаева және өзімнің ұймыдастыруыммен 10-11 сынып оқушылары арасында «Біртұтас тәрбие бағдардамасы негізінде, «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, таңдау мүмкіндіктерін шешу, адам өмірінде мамандықтың алатын орны, маңызы туралы түсінік қалыптастыру мақсатында «Мамандық таңдау – өмірдегі маңызды қадам» тақырыбында іс-шара өткіздім. Кездесу кешімізді мектеп директорының міндетін у.а.С.Құралов ашып берді.
Кездесуге Республикамызға белгілі ақын – сазгер, көптеген әндердің авторы Мұқтар Құралов, мектебімізде қырық жылдан астам ұстаздық еткен аяулы ардагер ұстазымыз Халматова Нурхан апайымыз, Жетісай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлiм Мадияр Бижiгiтұлы, Асықата ауруханасының дәрiгер маманы Сабирова Жанат, Асықата балалар саз мектебінің ұстазы Қазына Әмiралиева келiп, 9-10-11 сынып оқушыларына тәлім-тәрбиемен қоса, кәсіби бағдар алуға кеңес берiп, өз мамандықтары жайлы әңгімелеп, қыр-сырымен бөлiстi.
Оқушылар келген қонақтарға сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған тақырыптар төңірегінде сұхбат жүргізілді.
Кездесу барысында мектеп оқушылары концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендердiң ыстық ықыласына бөлендi. Кеш соңында мектеп директорының мiндетін уақытша атқарушы, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Құралов Сәбит Тоқтарұлы кездесуге келген қонақтармен жиналған қауымға ұжымның атынан ризашылығын бiлдiрдi.
Жас ұрпаққа саналы тәрбие берiп, болашағына дұрыс бағыт беру – ұстаздар мен ата – аналарға ортақ мiндет. Сондықтан бүгінгі кештегi ақыл – кеңес балаларымызға үлкен ой салып, болашақта қалаған мамандықтарын қателеспей табуына көп түрткі болды деп ойлаймын.
Мектеп – шәкірттерді тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, олардың болашағына даңғыл жол салып береді. Әрбір шәкірттің ертеңіне алаңдаған ұстаз олардың кемел келешектің иесі болуын көздейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұн білімнің тұлғаға бағытталуын, олардың белгілі бір мамандықты игеруіне ықпал етуін қамтиды. Сондықтан шәкірттеріміздің өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарай жүрек қалауымен жақсы мамандық таңдау жолында бағдарлы білім алып, әрқайсысы дүниенің бір кірпіші болып қалануын тілейміз. Кешіміздің мақсаты да – осы. Болашаққа дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет.
Шәкірт болашағының жарқын болуына өз үлесiмiздi косып, мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруде жалықпайық дегім келеді.
Н.С.ДАРИБАЕВА,
«Әл-Фараби атындағы N12 жалпы білім беретін мектеп» КММ
кәсіптік бағдар беру педагогы.