Мақтаарал ауданына Павлодар облысынан делегация келіп, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аудару бойынша тұрғындармен арнайы кездесу жиынын өткізді.
  Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Утешов бастаған жалпы саны 15 адамнан құралған делегация оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатын отбасыларға мемлекет тарапынан қарастырылатын көмектер жөнінде мақтааралдықтарға кеңінен түсіндірді.
  Бүгінгі таңда елімізде жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан еңбекке жарамды адамдар тапшы солтүстік аймақтарға азаматтарды көшіру бағытында екі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеуде екен. Соның бірі «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» білім беру бағдарламаcы 2014-ші жылдан бастап жүзеге асырылуда.
 Бұл бағдарлама аясында оңтүстік аймақтардан барған жастардың білім беру, техникалық немесе ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында негізгі үш бағыттың бірі бойынша тегін оқытылып, қажетті білімді алған соң солтүстікте тұрғылықты қалуы көзделеді. Оқу барысында грант иегерлеріне жатақхана беріледі және шәкіртақы төленеді.
  Екінші бағдарлама «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы – аймақтардағы еңбек диспропорциясын жоюға, еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыруға бағытталған.
Бұл бағдарлама қатысушыларына 12 ай бойы тұрғын үй жалдауды (жалға алу) және коммуналдық қызметтерін төлеуді субсидиялар арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бағдарлама аясында жер учаскелерін тегін пайдалануға беру де қарастырылған. Бұдан бөлек, еңбекақысын субсидиялау, сондай-ақ оларды оқыту және қайта мамандандыру сияқты тағы да басқа қолдау шаралары көзделеген.
Жалпы жиын барысында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер бойынша толық түсіндіріліп, қосымша ұйымдастырылатын көмектер жөнінде айтылды. Оның ішінде қос облыстағы адам саны аз аудандар жөнінде кеңінен мәліметтер айтылып, көшіп барған жағдайда тұратын үй-жайлар және берілетін жұмыстар жөнінде ақпараттар берілді.
  Айта кетейік, облыс әкімдіктерінің арасында өзара іс-қимыл және үйлестіру мәселелерін шешу үшін осы бағытта меморандумдар жасалған. Жыл сайын Мақтаарал ауданында солтүстік аймақтардың жұмыс берушілерінің қатысуымен аймақаралық бос жұмыс орын жәрмеңкелері өткізіліп келеді және қоныс аудару квоталары да жыл сайын арттырылуда.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
МАҚТААРАЛҒА ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНАН АРНАЙЫ ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған