Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауын насихаттау мақсатында Мақтаарал ауданында «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өтті.
    Аудан әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының мүшесі Пердеш Есенбеков жүргізген жиынға кенттер мен ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган қызметкерлері, дербес бөлімдер мен денсаулық сақтау саласының басшылары, мектеп директорлары, саяси партиялар, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен Аналар кеңесінің төрайымдары, діни бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлер кеңесі төрағалары мен ауыл билері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
      Күн тәртібіне сәйкес, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында «Елді мекендердегі ел ағаларының рөлі» тақырыбында «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оңласын Назаров баяндама жасады. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы жастар тәрбиесі жайында Пушкин жалпы орта мектебінің мұғалімі Раушан Серғали сөз сөйледі.
     Жарыссөзге шығып, бірнеше азаматтар ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып болған соң қорытынды сөзге шыққан аудан әкімі Бақыт Асанов Президентіміздің Жолдауында айтылған денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы білім беруге, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру бағыттарында тиісті жұмыстарды жандандыру бойынша белсенді еңбек ету керектігін атап өтті.
     «Ел бірлігін, жастар тәрбиесін ғана сөз етіп қоймай, билік пен азаматтық қоғам арасында байланыс орнатып, аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықты дамытуымыз қажет. Ел ағаларының, өмір көрген тәжірибелі ардагерлердің қоғамдық өмірге белсене араласуына, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелерді шешулеріне атсалысуына ұйытқы болуымыз керек. Міне, 3 жылдан бері жаңа ауданның жаңа беттерін, тарихын жасап жатырмыз. Аудан әкімдігі жанынан құрылған «Ырыс алды – ынтымақ» форумы барлық істердің бастауы, бәріміз бас қосатын жиын болады деп сенемін. Сондықтан, жиынға келіп пікір білдірген азаматтарға алғысымды білдіремін» – деді Бақыт Насырханұлы.
     Айта кетейік, шараның соңында аудан әкімі елдің ынтымағын арттырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.
                                                                                                                            Мақтаарал   ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
МАҚТААРАЛДА ҚОҒАМДЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған