Қасиетті де қастерлі ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні биыл 16 маусымға сәйкес келіп тұр. Құрбан айт күні айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Құрбан айт шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті көр­сететін мейрам. Ұлық мерекенің тәр­бие­лік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген.

Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болсын!

Әрбір шаңыраққа амандық, құт-береке, бірлік пен татулық тілеймін. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Нұржан МҰСАБЕКОВ,

Мақтаарал ауданының бас имамы.

ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕЙРАМ!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған