ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің және Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Бизнесті және инвестицияны қорғау» мәжілісі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру, кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
Бизнес ортадағы өзекті мәселелер ортаға салынған алқалы жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасының директоры Тимур Нахипбеков, жергілікті атқарушы және аумақтық органдар мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері, бейнебайланыс арқылы қала, аудандарға қарасты 100-ден астам кәсіпкерлер қатысты.
Отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында пайда болатын проблемалық мәселелер талқыланған алқалы жиында Х.Көшқалиев ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау мақсатында Агенттіктің бастамасымен «Protecting Business and Investments» жобасы Түркістан өңірінде қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын баяндап, жоба аясында бүгінгі күні Департаментпен жалпы сомасы 621 млрд. теңге құрайтын 49 инвестициялық жоба сүйемелдеуге алынғандығын жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде сөз алған Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай аталған жоба шеңберінде Түркістандық жеке кәсіпкердің 13 жыл бойы шешілмей жүрген шаруасы 7 күн ішінде шешімін тапқандығын және 2020 жылы жалпы саны 15 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, шағын және орта кәсіпкерлік бизнесіне заңсыз араласудың 18 дерегі әшкерелену арқылы жергілікті атқарушы органдардан 10 лауазымды тұлға сот үкімімен сотты болғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау мақсатында квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілгенін алға тартып, Түркістан облысында квазимемлекеттік сектордың барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелерін құру арқылы коммерциялық компаниялар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін тілге тиек етті.
Бизнесті қорғау мәселелері еркін форматта талқыланған жиын соңында Түркістан облысындағы кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелер мен карантин режимінде сақталуы тиіс негізгі шектеулер ортаға салынып, өңірдегі кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Айта кетсек, Департаментпен келісімге қол қойған инвесторлар алдағы уақытта 100% сыбайлас жемқорлық фактілерінен 24/7 принципі негізінде қорғалатын болады.
КӘСІПКЕРЛЕРДІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ АЛҚАЛЫ ЖИЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ