Ежелден-ақ жомарттығымен танылып, қамқорлығымен қадірі артқан ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы нашар отбасыларын, жетім-жесірді, талантты балаларды қорғап, қолдау ісін жалғастырып келеді. Себебі, кез-келген қоғамда әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандар жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру.
Осы орайда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың тапсырмасы негізінде «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесін жоғары дәрежеде атап өту мақсатында «30 игі іс» қайырымдылық марафонын жүзеге асыру жоспарланған болатын. Аталмыш марафон Жетісай ауданындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған «ЖОМАРТТЫҚ» акциясымен бастау алды. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық «Нұғман» орталық мешітінің, Түркістан облысының Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалы мен ауданның ерікті жастарының ұйымдастыруымен Болып өткен шарада азаматтар Қарақай ауылдық округіндегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларда болды. Әр шаңырақтың қал-жағдайларымен жіті танысты. Баспана, жұмыс, медициналық мәселелер бойынша мұқтаждықтарын тыңдап, мүмкіндігінше кәсіпкерлер мен қайырымды жандарды ұйымдастырып көмек берілетіндігін айтты.
Айта кетейік, демеушілер есебінен аталмыш отбасыларға берілген бір реттік азық-түлік себеттерінде ұн мен май, картоп, пияз, макарон мен шекер, күнделікті тұтыну заттары бар.
Бұған дейін де облыс басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «ҚАМҚОРЛЫҚ» бағдарламасы аясында ауданда есепке алынған әлеуметтік қолдауды қажет ететін 173 аз қамтамасыз етілген отбасыға аудан әкімінің бастамасымен аудан әкімдігінің 13 бөлімі, аудандық мәслихат депутаттары мен табысты кәсіпкерлер, аудан әкімінің орынбасарлары бекітіліп, көмекке мұқтаж отбасылардан тұрмыс деңгейінің жақсарып, қажет жағдайларда қысқа мерзімді немесе қайта даярлау курстарына оқуларына, жұмысқа орналасуларына көмек көрсеткен болатын.
Аталмыш акция аясында ауданда аста-төк болмаса да азын-аулақ табысының өзін өзгелермен бөлісіп отырған ауданның ерікті азаматтарының да қатары күн санап артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Сауапты істің сан соқтырмайтынын білетін жандар осылайша өзгелерге үлгі болуда.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МАРАФОНЫ БАСТАУ АЛДЫ