Фейк жаңалық дегеніміз – шындыққа жанаспайтын, алайда шынайы дереккөз ретінде ұсынылып, қоғамды жаңылыстыруға бағытталатын ақпарат. Жалпы фейк жаңалықтар екі санатқа бөлінеді. Алғашқысында автор материалдың ішінде жалған ақпарат бар екенінен хабардар болса, екіншісінде жалған ақпараттың барын білмей, бірақ белгілі бір көзқарасқа баса назар аударту мақсатында әдейі фейк ақпаратты таратуы мүмкін.

Жалпы дезинформация жаңа құбылыс емес. «Фейк ақпарат» термині ХІХ ғасырдан бастап қолданыста. Бірақ интернет пен әлеуметтік желілер жалған ақпаратты жасау және тарату тәсілін өзгертті. Интернет пайда болғанға дейін адамдар жаңалықты негізінен бұқаралық ақпарат құралдарынан алатын. Ал БАҚ қызметкерлерінен кәсіби этиканың қатаң стандарттарын сақтау талап етілетін. Алайда интернеттің таралуымен жаңалықтар мен ақпаратты жариялаудың, бөлісудің және тұтынудың жаңа тәсілдері пайда болып, бақылау стандарттары мен редакциялық нормалар өзгерді. Көпшілік қазір ақпаратты әлеуметтік желілерден немесе басқа да ақпарат көздерінен алатын болғандықтан, адамдар жаңалықтың шынайылығына күмәнмен қарай бастады. Edelman trust barometer халықаралық зерттеу агенттігінің мәліметінше, 2020-2021 жылдары дүниежүзінде бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім 8 пайызға төмендеген. Ал 2021 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, әлемде адамдардың 53 пайызы әлі де БАҚ-қа сенеді. Бұл әлем халқының жартысынан астамы болса да, 2020 жылғы 61 пайыздан айтарлықтай азайып отыр. Адамдардың көпшілігі (61 пайыз) БАҚ-қа деген сенімін жоғалтуының басты себебі ретінде объективтіліктің жоқтығын көрсеткен. Сонымен қатар 59 пайызы жаңалықтар ұйымдары өздерінің идеологиясын қолдау үшін ақпаратты асыра сілтеп жібереді немесе толығымен қолдан жасайды деп санайды.

Сонымен бірге әлеуметтік медиаға тоқталсақ, Statista.com халықаралық зерттеу агенттігінің дерегінше, 2020 жылы әлем бойынша жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың тек 35 пайызы әлеуметтік желілерге сенетінін айтқан. Бұл 2019 жылғы 40 пайыздан төмен. Әлем жаһандық пандемиямен бетпе-бет келгенде кезде фейк ақпараттардың көп болуы басқа ақпарат құралдарына деген сенімнің жоғалуына ықпал еткенін атап өткен жөн. Ал 2021 жылғы дерек бойынша, айына 2,91 миллиард белсенді қолданушысы бар Facebook-те әлеуметтік желідегі жалған ақпараттар санын азайту үшін шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, компания 2020 жылдың екінші тоқсанында ғана 7 миллионнан астам жазбаны өшірген. Бұл жазбалардың барлығы сол кездегі COVID-19 пандемиясы туралы жалған немесе расталмаған ақпарат болған. Коронавирус өршіген тұста таралған ақпараттың көбі індеттен оңай құтылуды, оған қоса емделу үшін қандай препараттар қабылдау керек екені жөнінде болды. Оларды жою арқылы Фейсбук желісі фейк ақпараттың адам денсаулығына кері әсер етуінің алдын алғанын айтып өткен жөн.

ФЕЙК АҚПАРАТ НЕЛІКТЕН ҚАУІПТІ?

Көп жағдайда адамдар маңызды шешім қабылдар кезде жаңалықтардағы ақпаратқа сүйенеді. Сондықтан ақпараттың сенімді дереккөзден алынуы өте маңызды. Мәселен, белгілі бір ауруға қандай ем қабылдау керегін де азаматтар жаңалықтарда берілетін ақпарат арқылы біліп отырады. Бұл мәселе, әсіресе коронавирус өршіген тұста өзекті бола түсті. Осы орайда, фейк ақпараттар қалай қауіпті болуы мүмкін деген сауалға жауап беріп көрейік.

Жалпы адамдар дұрыс ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата алмаған тұста әлеуметтік не саяси мәселелерде түсінбеушілік туындайды. Бұл халық пен билік арасындағы түсінбестікті одан сайын қиындата түседі. Оның соңы ереуіл, митингтерге ұласуы мүмкін. Сонымен қатар қатерлі ісік немесе COVID-19 сияқты ауруларды емдеу туралы жалған, ешбір дәлелсіз ақпараттар адамдардың өз денсаулығына қатысты бұрыс шешімдер қабылдауына әкелуі мүмкін. Тіпті өміріне қауіп төндіруі де ғажап емес. Мәселен, елімізде Уатсап әлеуметтік желісі арқылы өткен жылы «7-8 тамызда вирус шашылады» деген ақпарат тараған еді. Онда халықтың осы аралықта далаға шықпай, үйде отыру керегі жазылған. Сонымен бірге стационарларда «ауру жұқтырғандардың көбеюіне байланысты оттегі баллондарын дайындап жатыр» дегендей ақпарат берілген. Кейін ҚР ДСМ бұл ақпараттың жалған екенін айтып, мәлімдеме жасады. Бұдан бөлек «антибиотик пен аспиринді тұтыну арқылы коронавирусты жоюға болады» деген де фейк ақпарат тараған еді. Сондықтан мамандар коронавирусқа қатысты ДДҰ мен ҚР ДСМ ғана таратқан ақпаратқа сенуге шақырады. Енді таралып жүрген фейк ақпараттардың мазмұнына назар аударсақ, көпшілігі әлеуметтік қақтығысты қоздыруға және өршітуге бағытталғанын анық байқай аламыз. Әр көзқарасты жақтаушылардың өз «фактілері» бар, бұл қоғамның бірнеше топқа бөлініп, әлеуметтік полияризацияға алып келуі мүмкін екенін ескерген жөн.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ФЕЙК АҚПАРАТПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСІП ЖАТЫР?

Жаһанды жайлаған пандемия салдарынан тараған фейк ақпарат саны көбейді. Оған жоғарыда көрсеткен статистикамыз дәлел бола алады. Осыған байланысты әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін үдей түсті. Тіпті 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігі бойынша, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанған еді. Осы орайда, бүгінде шет мемлекеттер жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанын қарастырып көрейік.

Өзбекстанда Қылмыстық кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Сонымен қоса президент Шавкат Мирзиеев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.

Сингапурда қабылданған жаңа заңда, ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді.

Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жеккөрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады.

ЕЛІМІЗДЕГІ ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ

2021 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) бастамасымен құрылған Stopfake.kz сайты оқырмандардың медиасауаттылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастырды. Аталған ведомствоның мәліметінше, сайт Қазақстанның ақпараттық алаңында таралған 900-ге жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды.

Жалпы сайт 2020 жылдың шілдесінен бастап қазақ және орыс тілдерінде 2000-ға жуық фейк ақпаратты анықтады. Атап айтсақ, StopFake жұмысының нәтижесінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, COVID-19 вакцинациясының қауіптілігі туралы ақпарлар, 2021 жылғы парламенттік сайлауы туралы жалған жаңалықтар уақытылы тексеріліп, халыққа сенімді дереккөзден шыққан хабарламалар ұсынылып отырды. Сонымен қоса әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторингі жүргізілді.

Бұдан бөлек аталған порталда сараптамалық сұхбаттар да жарияланып, онда белгілі бір хабарламалар ғылыми тұрғыдан түсіндірілді. Stopfake.kz жобасы «Медиаға арналған Медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Күн сайын сайттағы материалдарды Қазақстанның ірі басылымдары, сондай-ақ шетелдік ақпараттық ресурстар пайдаланады.

Бұдан басқа елімізде жарияланған ақпараттардың дұрыс не жалған екенін анықтайтын Factcheck.kz жобасы да жұмыс істейді. Онда ел алдында жүрген тұлғалардың спичтерінде келтірілген деректер мен статитика тексеріледі, сонымен қатар елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты да ақпараттардың жалған не шын екенін анықтап, көлемді материалдар жарияланады.

ФЕЙК АҚПАРАТ. ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ. ОНЫМЕН КҮРЕС АМАЛДАРЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған