Қазіргі таңда бала тәрбиесі басты назарда. Себебі, балалардың ой-өрісі интернеттің қолжетімділігінен тез дамып жетілуде. Бала әртүрлі құрылғыларды, соның ішінде: планшет, смартфон, ноутбукті еркін қолдана алады. Әрине, ондай балаларды оқыту оңай болмасы анық. Осыған орай, баланың даму ерекшелігіне қарай, баланы таңқалдырар әдіс ойлап табу керек. Баланың ой-өрісін дұрыс жағынан тәрбиелеу үшін заманауи әдіс қолдану тиімдірек. Оған үйдегі ата-ана мен тәрбиешінің берген тәрбиесі маңызды болып саналады. Балалардың тілін, ой-өрісін дамыту мақсатында көптеп сабақ түрлерін ұйымдастырып келемін. Соның бірі, математикалық сауатын арттыру үшін «Сиқырлы пішіндер» тақырыбында ашық сабақ өткіздім.
Ашық сабаққа көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, қайталау, топтау әдіс-тәсілдерін қолдандым. Суреттер, пішіндер, түрлі пішіндегі ойыншықтар, қолдан жасалған ертегі кейіпкерлері көрнекілік ретінде қойылды. Сабақты қызықты өткізу үшін ертегі желісін өзгертіп, ертегідегідей әр кейіпкердің тапсырмасын орындау болды.
Бірінші арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беріп, қоянның тапсырмасын орындайды. Екінші «Кілемшені жама» тапсырмасы. Қолына бір пішінді алып, 3 түрлі пішіндерден жол салынған кілемшенің үстімен жүріп, жолдың соңында тұрған кілемшенің ойық тұсына сәйкес пішінді жамап, қасқырдың тапсырмасын орындайды.
Әр бала ортаға шығып, қорапшаның әр бөлігіндегі бейнеленген пішіндердің түр-түсін ажыратып, аюдың тапсырмасын орындайды. Төртінші балаларды деңгейлеріне қарай бірнеше топқа бөліп, өздері орындай алатындай топтық тапсырма берілді.
1-топ -жіпті пайдалана отырып, әр түрлі пішіндерді жасау.
2-топ- кішкене таяқшалардан үшбұрыш пен төртбұрышты ермексазбен бекіту.
3-топ-әр түрлі қатты картон қағаздан жасалған пішіндерден көлік түрлерін құрастыру.
Топтау әдісімен түлкінің тапсырмасын орындайды.
Сабақта баланың жас ерекшелігіне сай тапсырмалар беріп, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы баланың сабаққа деген қызығушылығы артты. Балалардың сабақ барысында математикалық ой-өрісін дамып, пішіндерді тез ажырата білді. Бастысы, пішінге байланыстырып, «бауырсақ» ертегісінің мазмұнына да тоқталып өттік. Ертегідегі бауырсақтың пішінің дөңгелек шеңбер тәрізді болатынын, ондағы кейіпкерлердің тапсырмасын орындап, мінездерін де көрсете білді. Сабақ соңында балалардың алған білімдерін пысықтап, әр түрлі пішіндегі бауырсақтарды үлестіріп, балаларды қуанттым.
К.ИСМАИЛОВА,
«Дінислам нұры» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.