Аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ауған соғысының ардагерлерi мен «Шардара» мектеп-лицейiнiң оқушылары қатысқан iс-шара өттi. «Ауғанстан алапаты» деп аталатын iс-шарада ауғандық ардагерлердiң соғыс жылдарынан сыр шертетiн көрме қойылып, алапат соғысқа қатысқан ардагерлер естелiк әңгiмелер айтты.
 Iс-шара басында аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерi Алтынай Көшекбай «Ауғанстан алапаты» тақырыбында баяндама жасады. Мұнан соң ауғандық ардагерлер оқушы жастарға интернационалдық борыштарын адал атқарған кеңес жауынгерлерiнiң ерлiктерi жөнiнде сөз қозғады.
  Шардара ауданы бойынша 1979-1989 жылдар арасында Ауғанстан аумағында 105 азамат әскери борыштарын өтеп қайтқан. Солардың iшiнде Мұхтар Оразбеков пен Тимирьян Сұлтанғараев есiмдi боздақтар жат жерде ерлiкпен қаза тапты. Қ. Тұрысбеков ауылдық округiндегi Ш.Уәлиханов орта мектебiнiң түлегi Мұхтар Оразбеков 1982-1984 жылдары ауған елiнде әскери борышын өтейдi. Елге қайтуға небәрi екi ай уақыт қалғанда кескiлескен бiр ұрыста мерт болып, туған жерге темiр табытпен оралған. Жанқиярлық ерлiктiң үлгiсiн көрсеткен қаһарман ұл қаза тапқаннан кейiн «Қызыл жұлдыз» орденiмен марапатталады. Бүгiнгi таңда Қ.Тұрысбеков ауылындағы бiр көше Мұхтар Оразбековтiң есiмiмен аталады. Мұражайдағы iс-шарада мектеп оқушылары Мұхтар Оразбековтiң өмiрбаянымен танысып, оған берiлген «Қызыл жұлдыз» орденiн қолдарымен ұстап көрiп жатты. Мұхтардың туған бауыры, кейiннен өзi де ауған соғысына қатысып қайтқан Қайрат Оразбеков жиын кезiнде жантебiрентерлiк естелiгiн айтып бердi.
 – Мен әскер қатарында 1985-1987 жылдары болдым. Одан алдын ағам сол алапатта қыршынынан қиылып, бiздiң әулет қара жамылған болатын. Бiр отбасынан бiр адам ауған жерiнде қайтыс болғандықтан менi ол жаққа жiбермейтiн болған. Бiрақ менiң балалығым болар, Ауғанстанға өз еркiммен сұранып кеттiм. Үйге хат жазғанда да әке-шешеме өтiрiк айтуға тура келдi. “Польша жерiнде әскери борышымды өтеп жатырмын” – деп жазамын. Себебi, ол кезде шекарадан тысқары жүрген әскери бөлiмдерге хат жазғанда «Дала поштасына» – деген мекенжаймен жазылатын едi де, жұртшылық қайда сарбаз болып жүргенiңдi бiлмейтiн. Ағам әскери борышын өтеген Гератта болдым, дұшпандармен соғысқан жерiн, ерлiкпен қайтыс болған жерiн барып көрдiм. Алланың жазуымен дiн-аман елге оралдым. Үйге келгенде бәрi шұрқырасып жатыр, Польшадан келдi деп. Бiр кезде үйдiң қабырғасында iлулi тұрған ағамның суретiн көрдiм де, көңiлiм босап кеттi. «Мен дәл Мұхтар ағам соғысқан жерде болып келдiм», – деп бар шындықты жайып салдым. Мұны естiген кезде қасымда айналып-толғанып отырған анам марқұм «не дейдi, құдай-ау», – дедi де есiнен танып қалды. Әйтеуiр дәрiгерлер келiп, анамды тұрғызып алды. Сол кезде барып өзегiн жарып шыққан перзентiнiң ата-анаға қандай жақын болатынын сездiм, – дейдi Қайрат Жасұзақұлы.
 Кездесуге келген қонақтың бiрi Мұстафа Байбосынов. Бұрынғы СПТУ-110, қазiргi №16 колледжде жүргiзушi мамандығын иеленген соң әскерге алынып, жүргiзушi болған Мұстафа Байбосынов Украина жерiнде жүрген жерiнен шұғыл түрде Ауғанстанға алып кеткенiн айтады.
  – Жолай Жызақ облысына келiп, су жаңа «Камаз» автокөлiгiне отырдық та, Пантон көпiр арқылы Термезден өттiк. Бұл 1979 жылдың желтоқсан айы болатын. Полихумри деп аталатын елдi мекенге тұрақтап, сонда авторотада интернационалдық борышымды өтедiм. Ең алғаш болып ауған жерiне табан тiреген кеңес әскерi бiз едiк. Екi жыл бойына палатка iшiнде қоныстандық. Қысы-жазы баспанамыз сол брезент шатыр болды. Палатка дегенiң үйдей қайдан болсын, қандай ыстық болса да, түнге қарай азынаған суық болады. Бiрақ бiздер көбiнесе жолда жүргендiктен, машинаның iшiнде түнейтiнбiз.
  Бiздiң мiндетiмiз – кеңес елiнен Полихумриге тартылған құбырдан жанар-жағармай алып, ұрыс жүрiп жатқан нүктелерге тасымалдау едi. Он машинадан колонна түзеп, алдымыз бен артымыздан БТР машиналарының қоршауымен дiттеген жерiмiзге жанар-жағармай апарамыз. Кейде төбемiзден тiкұшақпен күзетiп отырады. Құндыз, Кабул, Жалалабад, тағы басқа да жерлерде орналасқан әскери бөлiмдерге жанар-жағармай тасумен болдық. Кейде бiздiң колоннаға шабуыл жасалады. Сондай бiр ұрыс кезiнде екi солдатымыз өлiп кеттi. Бiр жiгiтiмiз машинадан түсiп, тросс жалғап жатқан кезде дәлдеп атқан дұшпанның оғынан көз алдымызда мерт болды. Ұрыс бiтiп, көлiктердi қозғалуға бұйрық берiлген кезде ортада тұрған машина жүрмей қалды. Барып есiгiн ашқанда көрдiк, жау оғы тиген жүргiзушi байғұс рөлдi құшақтаған күйi тiл тартпай кетiптi. Екеуi де украин жiгiттер едi, үнемi көңiлдi жүретiн. Қас пен көздiң арасында о дүниелiк болып кете барды. Бұл жағдай бiздiң жiгiттердiң бойында дұшпандарға деген кек отын одан әрi өршiттi. Жау оғынан жаралы болған әскерилерде есеп жоқ. Дәм бұйырып тұр екен, туған жерге аман оралдық. Ондай соғыс ендi болмасын деп тiлеймiз, – дейдi Мұстафа Байбосынов.
 Жиын барысында «Шардара» мектеп-лицейiнiң 9 «б» сынып оқушылары «Сiздердiң қауiпсiздiктерiңiздi соғыста қалай қамтамасыз еттi?», «Дұшпандармен ұрыс кезiнде бойларыңызды үрей билеген жоқ па?», «Отансүйгiштiк қасиет деп қандай қасиеттердi айтқан болар едiңiздер?», «Қазiргi таңда сiздерге мемлекет тарапынан қандай жәрдемдер мен жеңiлдiктер қаралуда?» деген мазмұнда сауалдар қойып, оларға ауғандық ардагерлер тиiстi жауаптар қайтарды.
  Iс-шараны ұйымдастырған аудандық тарихи-өлкетану музейiнiң меңгерушiсi Нұрлан Смайылов:
– Зұлмат соғыстың зардабы туралы алдағы уақытта да айтыла бередi. Қаншама жастарымыз сол алапатта қыршындарынан қиылып, сұрауы жоқ соғыстың құрбаны болды. Жаңа ғана сөз еткен Мұхтар Оразбеков есiмдi жерлесiмiз оқыған Ш.Уәлиханов орта мектебiнде мен де бiлiм алдым. Ол ағамыз жоғары сыныпта оқитын кезде бiздер бастауыш сыныпта оқитын едiк. Кейiннен сол ағамыз ауған жерiнде қаза тапты деген кезде баршамыз есеңгiреп қалғанбыз. Қазiргi таңдағы мәлiмет бойынша Ауғанстан жерiндегi Кеңес әскерлерiнiң шектеулi контингентiнде 22000 қазақстандық жауынгер әскери борыштарын өтеп, 761 сарбаз ұрыс даласында қайтыс болыпты. 21 жауынгер хабар-ошарсыз кеткен. Солақай саясаттың құрбандары болған боздақтарымызды бiздер ешқашан ұмытпауға тиiспiз. Бiр нәрсе айқын – сол кездегi Кеңес жауынгерлерi әскери антына адал болып, интернационалдық борыштарын абыроймен атқара бiлдi. Бүгiнгi жас ұрпақ осынау ағалардың ерлiк iстерiн жадында сақтап, ауғандық ардагерлерге құрмет көрсетудi өздерiнiң қасиеттi борыштары санауы қажет. Қазiргi болып өткен кездесуде айтылған әсерлi әңгiмелер үшiн ауған соғысының ардагерлерiне алғыс айтамыз, – деп жиынды қорытты.
  Кездесу соңында Қайрат Оразбеков пен Мұстафа Байбосыновқа және жас өрендердi бастап келген сынып жетекшiсi Лаура Бейсеноваға музей меңгерушiсi Нұрлан Смайылов «Шардара су электр стансасы» АҚ-ының 50 жылдық мерейтойына арналып шығарылған «Шардара су электр станциясы – ғасырларға бағыт алған ғасырлық шежiре!» атты кiтаптарды тарту еттi. Мұнан соң мектеп оқушылары ардагер ағаларымен естелiк суретке түсiп, музей жәдiгерлерiмен танысты.
К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.
АУҒАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ ТОЛАСТАМАЙДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған