Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жұмыс жоспарына сәйкес мақталық алқаптарды аралап, шаруалармен тілдесіп, қарқынды жүріп жатқан жиын-терім науқанының барысын тексерді. Осындай маңызды науқанға қазіргі таңда аудан бойынша 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемесі, химиялық дәрі шашуға арналған 61 дана «ОВХ» қондырғысы мен 239 дана мақта терім машиналары жұмылдырылған.

Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 119,3 мың тонна өнім алуға ниетті. Өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі аудан бойынша 2025 жылы 5646 гектар жерге енгізілсе, оның 2600 гектары мақта дақылын өндірушілердің еншісінде. Осындай күзгі дала жұмыстары үшін мемлекет тарапынан 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген  болатын.

Шаруалар биылғы жылы ауданымызда негізгі дақыл саналатын шитті мақтадан бөлек 17 мың гектарға бақша дақылдарын, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азықтық дақылдар мен 261 гектар жерге картоп егіп, 452,4 мың тонна бақша, 88,2 мың тонна көкөніс және 250 мың тонна мал азықтық дақылдары жиналды.

Айта кетерлігі, диқандар 2025 жылы аудандағы 79,3 мың гектар суармалы жердің 43,1 мың гектарына жергілікті және Түркия мен Қытай елдерінен әкелінген тұқымдық шит егіп, қазірдің өзінде 41,9 мың гектар алқаптан 106 525 тонна ақ алтын жинаса, 2024 жылы 41 мың гектар суармалы алқапқа мақта шиті себіліп, 112 750 тонна ақ ұлпа жинаған болатын.

Бекет ақпарат.

ЖИЫН-ТЕРІМ НАУҚАНЫ ҚЫЗУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған