Мақта шаруашылығы тарихының музейі – еліміздегі бірегей әрі қызықты музейлердің бірі десек қателеспейміз. Оны көне музейлердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, музей орналасқан ғимарат 1926 жылы тұқым шаруашылығы зертханасы ретінде салынған. Мақта шаруашылығы тарихы музейі ауыл шаруашылығын, яғни мақта шаруашылығын насихаттайтын республикадағы бірден бір музей болып табылады.

Соғыстың қиын жылдарына қарамастан 1944 жылы «Мақтаарал» кеңшарының 20 жылдығына орай тұқым шаруашылығы ғимаратында ауылшаруашылығының жетістіктерін насихаттайтын көрме дайындау жайында шешім қабылданады. Осы көрмеден кейін кеңшар қаулысы бойынша шаруашылықтың егіншілік саласындағы қол жеткізген табыстарын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатымен музей құру туралы шешім қабылданады. Біршама уақыт өткен соң тұқым шаруашылығының бөлімі басқа ғимаратқа көшірілді, ал қамқыштан (саманнан) салынған және сәулеті жағынан ауыл орталығына жарасатын ғимаратты музей етіп қалдырды. 1973 жылы Қазақстан КП Мақтаарал аудандық комитетінің және аудандық кеңестің халықтық депутаттары атқарушы комитетінің қаулысымен музей келушілер үшін салтанатты түрде ашылады. 1971-1979 жылдары музей қоғамдық негізде жұмыс істеді. ҚазКСР Мәдениет министрлігі коллегиясының 1979 жылғы 31 қазандағы №102 қаулысына сәйкес музейге «Халықтық» атағы беріледі. 1984 жылы Мәдениет министрлігі Ж.Еркімбековтің қолы қойылған 16.02.84ж. №57 бұйрығына, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Ашимов қол қойған №30-қаулысына сәйкес музей Мәдениет министрлігінің қарамағына өтеді. Музейді құрып, ұшан-теңіз материал, құжаттарды жинастыруда, ғылыми жүйелеуде музейдің алғашқы ұйымдастырушысы КСРО қорғаныс министрлігінің дербес зейнеткері, музейде директор болып қызмет атқарған Василий Иванович Амельченконың еңбегі зор. Музейге  күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 1984 жылы Ташкент қаласындағы «Рассом» сурет комбинатымен шартқа отырып, заман талабына сай безендіру және реставрация жұмыстарын толық аяқтады.

Атакент кентінде орналасқан дүние жүзіне әйгілі «Мақтаарал кеңшар-техникумы» мақта өндірісінің флагманы болды. Ол Мырзашөлді игерушілердің алғашқысы ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар егіншілік, механизация және өндірісті басқарудың, прогрессивті жолдармен еңбекті бағалаудың жоғары мәдениетін көрсетті. Мақта шаруашылығының тәжірибесімен танысуға Оңтүстік Америкадан, Африкадан, Монғолиядан, Италиядан, Эстониядан, Болгариядан, Венгриядан, Польшадан, Араб, т.б. елдерінен көптеген студенттер келіп тәжірибеден өтті.

Музей маңдай алды мәдени мекеме болып саналады. Бұған көз жеткізу үшін әйгілі мемлекет басшылары, мәдениет және қоғам қайраткерлері, шетелдік қонақтар өз пікірлерін жазып қалдырған пікірлер мен ұсыныстар кітабын парақтап шықса да жеткілікті. 2005 жылдан бері музейдің сол тұстағы директоры Аза Махарбековна Лазареваның күш салуымен музей облыстық бағыныстағы музей санатына өтті және облыстық бюджет есебінен қаржыландырыла бастады. Музей экспозициясы адамдардың осы аймақты суландыру және мақта шаруашылығын өркендету жолындағы күресінің барлық кезеңдерін баяндайды. Мақтааралдықтардың өміріндегі көптеген оқиғалар жерді игерумен және суландырумен, сондай-ақ мақтамен байланысты. Сол оқиғалар музейдегі түрлі жәдігерлерде көрініс тапқан. Мұнда техниканың әр алуан түрлері, соның ішінде Мақтаарал алқаптарында сынақтан өткен алғашқы мақта теретін комбайндар қойылған. Музейдің алдындағы тұғырда кеңестік алғашқы тракторлардың бірі – «Универсал» тұр. Өте құнды өндірістік экспонаттар да жоқ емес. Мәселен мұндай жәдігерлердің қатарына атқа жегілетін тұқым сепкіш пен қопсытқышты қосуға болады.

Музей экспозициясы аймақ тарихында орын алған  қасіретті сәттерді де бейнелейді. Мұнда 1935 жылдан бастап КСРО республикаларынан түрлі ұлт өкілдері – финдер, немістер, Кавказ халықтары, украиндар, гректер күштеп жер аударылды. Олардың арасында Франциядағы атақты Сорбонна университетінің түлектері, әйгілі музыканттар (атап айтқанда неміс Рудольф Керер) болды.

Музей қорын жинақтау мен қалыптастыру тәжірибесі Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейінде жақсы жолға қойылған. Көне музейлердің қатарына жататын, мақта шаруашылығының тарихынан сыр шертетін еліміздегі осынау жалғыз музейде қорды жинақтап қалыптастырудың, музей заттарының ғылыми мазмұндамасын жасаудың өзіндік тәжірибесі қалыптасты. Ұзақ жылдарды қамтыған тыңғылықты ізденістер мен қажырлы еңбектің арқасында музейде мақта шаруашылығы тарихына, жалпы Мырзашөл өлкесінің кешегісі мен бүгінгісіне қатысты мол жәдігерлер жинақталған. Осы істің басында бір кездері музейімізді басқарған Артомасов, А.И.Чернев, В.И.Амельченко (отставкадағы майор), Б.К.Кабулов, Т.Бекжанов, А.М.Лазарева сынды тұлғалар болды. Музейімізде жинақталған жәдігерлердің тарихына зер салсақ, осынау тұлғалардың арасында әсіресе музейдің бұрынғы директорлары Василий Иванович Амельченконың, Аза Махарбековна Лазареваның, қор сақтаушы Нұртаева Күлзинат Нұртайқызының ерен еңбектерін атап өтпеске болмас. Жеке жинақтар бойынша материалдар жинақтауда Атакент кентіндегі Мақтаарал, Комаров, Сәтпаев атындағы мектептердің оқушылары мен ұстаздарының еңбектерін де ескермей кетпеуге болмайды.

Өзінің ұзақ ғұмырында музейге келушілер қатарында тек аудан тұрғындары ғана емес, сондай-ақ көрші аудандардың, көршілес республикалардың тұрғындары, тіпті алыс шетелден қонақтар да көп болды. Бұл процесс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Музейіміздің бірегей сипаты тарихи материалдар іздеген шет елдік ізденушілер мен зерттеушілердің де назарынан тыс қалған емес. Мұнда жер шарының барлық құрлығының өкілдері болды десек қателеспейміз. Мәселен, экскурсанттар қатарында Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущев, Мысыр Араб Республикасының Президенті Г.А.Насер; Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаев, атақты сазгер, қазақ вальсінің королі – Ш.Қалдаяқов, күміс көмей әнші, Қазақстанның халық әртісі – Н.Нүсіпжанов, мемлекет қайраткері, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан үкіметін басқарған – С.Терещенко; Шымкент облысының Ішкі істер басқармасын 12 жыл (1968-1980 ж.ж.) басқарған, Шымкент қаласының, Шиелі және Мақтаарал аудандарының Құрметті азаматы, милиция генерал-майоры – Қ.Халменов; атақты боксшы, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, жерлесіміз – М.Ділдәбеков, «Жайдарман» жастар әзіл-сықақ клубының президенті  Е.Елеукен сынды танымал тұлғалар болды.

Музей қызметкерлері мақтамен байланыстының бәрін насихаттауды, Бетпақ даланы игерудің бүкіл процесін, техникалық өнеркәсіптің талаптарына сай келетін мақта сорттарын шығарудағы селекционерлердің, өздерінің сүйікті істеріне жан-тәнімен берілген еңбек адамдарының қажырлы еңбектерін көрсетуді өздерінің басты міндеті деп санайды.

Тарихи тақырыптарға бөлінген экспозициялық залдарымызда Мақтаарал өлкесінде мақта шаруашылығының, оның техникасының даму тарихын, қажырлы да ауыр еңбекті, Ұлы Отан соғысы жылдарында Мақтааралдан шыққан батырлардың ерлігін баяндайтын сюжеттер көрсетілген. Музей экспозицияларының арасындағы орталық орынды «Мақтаарал» кеңшарының негізін салушы, шаруашылықты 22 жыл басқарған, ірі мемлекеттік лауазымдық қызметтерді атқарған, екі рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған А.С.Орлов, әйгілі «Варяг» крейсерінің матросы болып қызмет атқарған, кейінірек музей ғимараты орналасқан Ильич (қазіргі Атакент кенті) поселкесі кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Ф.Ф.Семеновтың заттары алып жатыр. Ұлы Отан соғысы бөлімінде Кеңес Одағының Батырлары Т.Қауымбаевтың, В.В.Гусевтың, Ф.Г.Нижуринның, И.С.Решетниковтың, Тілеуғали Әбдібековтың, Әбу Әбішевтың, сұрапыл соғыс жылдарының шынайы заттары – шинель, планшет, карта, фотосуреттер мен құжаттар, ордендер мен медальдар, бесатар мылтықтар мен пулемет орын алған. Сондай-ақ тыл еңбеккерлерінің, жер аударылғандардың қиындыққа толы ауыр да қажырлы еңбектерін көрсететін сюжеттік картиналар да осы залдан өз орындарын тапқан. Халық ақыны Қайыпназар Әйтпеновтың шығармалары, домбырасын да ерекше атап өтпесек болмас. Екінші экспозициялық зал қазіргі заманға арналған. Мұнда Мақтаарал кеңшарының бейбіт өмірге қадам басып, үлкен жетістіктерге жеткен ғұмырынан көріністер беретін жәдігерлер баршылық. Сондай-ақ Д.А.Қонаевтың музейімізге келген сәттерінен көрініс беретін фотосуреттер осынау экспозициялық залдың төрінен орын алған.

«2022 жылдың қыркүйек айында Жетісай ауданында музейіміздің филиалы ашылды. Мұны әрине музей ұжымы мен аудандағы жанашыр белсенді азаматтарымыздың музей қорын жәдігерлермен толықтыру жолындағы еңбектерінің жемісі деуге болады. Музей алдағы уақыттарда да осындай игілікті істерді жүзеге асыра бермек. Келешекте музей қоры  көптеген құнды жәдігерлермен толыға түседі деген сеніміміз кәміл»- дейді осы музейдің директоры А.Тәжібекеев мырза.

ЕЛІМІЗДЕГІ БІРЕГЕЙ ӘРІ ҚЫЗЫҚТЫ МУЗЕЙЛЕРДІҢ БІРІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған