Қайырымдылық жасау, көмек көрсету – бұл барлық әлем халықтарының байырғы заманнан келе жатқан дәстүрі. Қазір осы құбылыстың нақты қашан пайда болғанын дөп басып айту тіпті, мүмкін емес. Сондықтан, көмек көрсетудің қажеттілігі көптеген мыңжылдықтар бойы қалыптасқан деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Ал бүгінде өтеусіз жасалатын мұндай көмектер кез келген қоғамда, кез келген әлеуметтік-мәдени қауымда молынан кездеседі.
Біздің бабаларымыздың санасында жақындарына ізгілік көрсету қажеттілігі туралы ұғым сонау ерте заманда-ақ қалыптасты әрі бұл әрбір қазақтың бауырмалдық, туыстық міндетіне айналды. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда капиталистік қарым-қатынастар дамып, кәсіпкерлік өркен жая бастады. Жергілікті көпестермен тиімді сауда қатынастарын орнатқан америкалық, неміс және ағылшын фирмалары жұмыс істеуге кірісті. Қазақстанның барлық аумағын өздерінің экономикалық ықпалына бейімдей отырып, олар түрлі өңірлердегі өнеркәсіп иелерімен де ынтымақтастықта болды. Жалпы, XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін дәстүрлі патриархалды құрылыстан индустриялы құрылысқа өтудің бастауы болып табылды. Сөйтіп, кәсіпкерліктің, сауданың, «классикалық» капиталистік қарым-қатынастың дамуымен қатар қайырымдылық та дами бастады. Ендігі жерде қайырымдылық түрлері бір жолғыдан жүйелі түрге ауысты. Әрі оның көлемі де молайып, білімнің, мәдениеттің, өнердің қамын ойлаған көптеген меценаттар шықты. Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың арасында төменде аттары аталған азаматтар алдыңғы қатардан көріне білді. Мәселен, Шығыс өңірінде Мұсатай Молдабайұлы, Әбдірахман Жүсіпұлы, Ике Әділұлы, Александр Ерыкалов, Жұмеке Оразалыұлы, Медеу Оразбайұлы, Хасен Ақайұлы, Ыбырай Ақбайұлы, Әлихан Бөкейхан болды. Ал Батыста Әлнияз Тобаниязұлы, Салық Омарұлы, Сәлімгерей Жантөрин, Иса Көпжасарұлы ерекшеленді. Оңтүстікте Ахмет және Мұстафа Оразай ұлдары, Маман байдың ұлдары – Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл, Садық Өтегенұлы бар еді. Олардың аты-жөндері отандық тарихта ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің есімдерімен қатар жазылуы тиіс. Қазақтың мал өсіретін байлары мен көпестері де, Алаштың бетке ұстарлары сияқты 30-жылдары қатал репрессияға ұшырап, «қанаушылар тобы», «ұлттық буржуазия» ретінде қуғындалған. Бүгінде сол бір қайырымды жандарды, олардың ізгі істерін көпшілік біле де бермейді. Тіпті, ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы ұлттық тарихымызды зерттеп жүрген ғалымдардың өздері алғашқы меценаттардың есімдерін жете білмейді. Өйткені, Қазақстанның қайырымдылық жасау тұрғысындағы тарихын зерттеумен ешкім нақтылы айналыспайды. Сондықтан да, қайырымдылықтың философиялық һәм идеялық негізінде не жатыр деген басты сұрақтың жауабы жоқ. Революцияға дейінгі Қазақстанда қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөлінгендігін елдегі қайырымдылық пен қоғамдық қамқорлық мәселелеріне арналған «Қайырымдылық жаршысы» деген арнайы журналдың үлкен сұраныспен таралғанынан-ақ байқауға болады. Кейін революциядан соң, кеңес билігінің алғашқы жылдары қайырымдылық саласындағы міндеттерді мемлекеттік органдар атқара бастады. Бұл жұмысшылар мен шаруалардың мемлекеті ретінде құрылған кеңестік мемлекеттің барлық «қорланғандар мен жәбірленгендерді», «қайғылылар мен қиналғандарды» қорғаушы және олардың қамқоршысы функциясын өз мойнына алуымен негізделген еді.
Қазіргі таңда Қазақстанда қайырымдылық қызметпен кез келген адам айналыса алады. Негізінен қайырымдылықтың даму деңгейі елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық өркендеу дәрежесіне тікелей байланысты. Халықтың әл-ауқат деңгейі жоғары, бизнес сектор мықты және тұрақты болған сайын, қайырымдылық қызметінің қалыптасуына және дамуына қажетті шарттар көп болады. «Асар» дәстүрі тек қазақ елінде ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанның барлық этностары арасында кең танымалдыққа және әлеуметтік практикаға айналды. Жылу, сыбаға сияқты әдет-ғұрыптар жаңа мәнге ие болды. Дегенмен де, Қазақстандағы қайырымдылық институты әлі де қалыптасу үстінде. Бұған қазіргі осы мақсатқа жұмсалған шығынның көлемі мен қоғамның көзқарасы куә. Айта берсек, тіпті, Қазақстанда жұмыс істейтін қайырымдылық қорларының саны да белгісіз. Өйткені, қайырымдылық қорларына байланысты нақты статистика жоқ. Сондай-ақ, ақпарат алмасу істері де жүйеленбеген. Осының салдарынан қайырымдылық қорларының көбін жұрт біле бермейді. Оған бөлінген қаржылардың қайда жұмсалып жатқанынан да бейхабар. Соның кесірінен қоғам мен бизнес өкілдерінің қайырымдылық ұйымдары мен қорларға деген сенбеушілігі туындап жатады. Міне, осының барлығы қайырымдылық бизнесін түсінуге арналған конвенциалды тәсіл әлі де пайда болған жоқ деп айтуға толық негіз бар. Жалпы, ашығын айтсақ, көптеген қайырымдылық қорлары өте тиімсіз жұмыс істейді. Бұған бірден-бір себеп, олардың қолдарында теориялық және әдістемелік база жоқ. Содан барып көбіне қайырымдылық құралдарын тиімсіз жұмсау проблемалары туындайды. Қайырымдылықты дамыту жолындағы елеулі проблеманың бірі, жоғарыда айтып өткеніміздей, қайырымдылық қызметті ақпараттық және насихаттық қолдаудың тым жұтаңдығы. Өйткені, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мұндай көмек көрсетуге асықпайды, тіпті, көп жағдайда, бұл мәселе оларды мүлдем қызықтырмайды да. Себебі, олар бірінші кезекте әрдайым өз мүдделерін, яғни коммерциялық тиімділігін ойлайды емес пе?! Ал қайырымдылықтан қалтасына түсер қандай пайда?! Тек «құрғақ қасық – ауыз жыртадының» кері ғой! Алайда, бұл үшін оларды кінәлай да алмайсың. Өйткені, қазір есептің заманы. Ақпарат құралдары да әлдеқашан бизнес-есепке көшкен. Сондықтан бұл жерде қайырымдылық істеріне байланысты ақпараттарға мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлініп, қолдау көрсетілгені жөн. Қазіргі уақытта қайырымдылық туралы заң әлемдегі көптеген елдерде бар. Тіпті, мұндай құжат Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанда да қолданылып келеді. Біле-білсек, дәл қазір ол аса қажетті заңдардың бірі. Аталмыш құжат қайырымдылық саласындағы құқықтық қатынастардың сипатын айқындайды, сондай-ақ, қайырымдылық қызметпен айналысатын ұйымдар үшін мемлекеттік қолдау нысандарын белгілейді.
2015 жылдың 16 қарашасында ғана Мемлекет басшысы Бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға және қайырымдылыққа, оны ынталандыруға арналған құқықтық негіздер құруға бағытталған «Қайырымдылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң қайырымдылық саласында туындаған қоғамдық қатынастарды реттейді. Оның мақсаты қоғамдағы қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, қолдау және нығайту жолымен қоғамның өзіндік ұйымдастыруын дамытуға ықпал ету болып табылады. Алайда, жақсы заңды қабылдау – бұл істің жартысы ғана. Енді осы құжат еліміздегі қайырымдылықты жандандыруға, қазақстандық қайырымдылық дәстүрлерін жаңғыртуға және сол арқылы азаматтық қоғамның шоғырлануын қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс.
Қорытындылай айтсақ, қайырымдылық тек қоғамда әлеуметтік ынтымақтастық атмосферасын құру үшін ғана маңызды емес екенін атап өту қажет. Қайырымдылық Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды болып табылатын экономикаға әлеуметтік сипат беретін әкімшілік тәсілмен либералдық-нарықтық балама болуы әбден мүмкін.