Нұртас Дәндібайұлы соғыс жалдарының өзінде де ел ішіндегі әдебиет, өнер, білімді ешуақытта назардан тыс қалдырған емес. Ең бастысы – мектептер санын көбейтуді күн тәртібінен түсірмеген. 1939 жылы жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстан халқының 76,3 пайызы сауатты болған.
Соғыс қиыншылықтарына қарамастан, мәдениет орындары көптеп салына бастады. Орталық комитеттің бюро мүшесі ретінде оның қолдауымен соғыс жылдарының өзінде Шет тілдер институты, Дене тәрбие институты, Қарағанды, Семей дәрігерлік институттары, Қарағанлы кен институты, Шымкент технология институты, Мемлекеттік консерватория, Қыздар педагогика институттары ашылған. Олардың ашылуы жөніндегі қаулыда Оңдасыновтың қолы тұр. Себебі, Нұртас Дәндібайұлы – ең алдымен ұстаз еді. Сондықтан, Ташкентте өзі қазақ әдебиетінен дәріс берген ұстазы Мұхтар Әуезовтің ұлағатты сөзін бойына сіңіре білді. Ұлы ұстаздың «түбінде қазақ жұртының басынан әлденеше төңкеріс өтер. Бірақ іс басында жүрген азаматтардың сол замандардан белгі болып қалмауы- ұят іс. Істейтін уақытты сөзбен өткізсек, қараңғы елдің алдындағы міндетімізді сөз деп ұққанымыз, одан басқа жауапқа орында қалмайды». Бұл Әуезовтің қолында билігі бар ел қайраткерлерін қайраған, ұятын оятқан парасатынан туындаған ой болатын.
Ұстаз ұлағатының парқын түсінген Нұртас аға осы жолдан әсте танбады. Елімізде алғашқы ғылым академиясын құру да Нұртас Оңдасыновтың үлкен арманы болған. Ол кезде Орталық Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде қазақ ғалымдары жоқтың қасы. Оңдасынов Мәскеуде Қаныш Сәтбаевпен Қазақстанның тұрақты өкілдігінде кездеседі. Сәтбаевпен Қазақстанның ғылымын қолға алу керектігі туралы ақылдасады.Бұл мәселе бойынша көпке созбай КСРО Ғылым академиясының президенті, академик Комаровқа өз ұсыныстарын айтады.Оңдасыновтың ұсынысымен Қаныш Сәтбаев-1943 жылы КСРО Ғылым академиясының корреспондент –мүшесі,1946 жылы толық мүшесі боп сайланады.
Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы Орта Азия Республикаларынан КСРО Ғылым академиясына мүше болған ғалым атанады. Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1938 жылғы 13 сәуірдегі отырысында «Ұлттық мектептерді қайта құру туралы» мәселе қаралған. Онда облыстың неміс, татар, балқар, шешен тұрғындары үшін кеңестік қарапайым үлгідегі мектептер құрып, онда қазақ немесе орыс тілінде оқыту ұсынылып, сонымен қатар ана тілдерін сақтау үшін өз тілдерін оқытуға да рұқсат етілген.
Динара Бейсенова,
“Н.Оңдасынов атындағы 14 ЖББМ” информатика пәні мұғалімі.
Жетісай ауданы.