Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрия – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын және жұмыспен қамтуға ықпал ететін экономика секторы ретінде айқындалған.
Жалпы «Креативті индустрия» немесе «|Креативті экономика» деген ұғымды кеңірек 2001 жылы БҰҰ-ның креативті экономика жөніндегі консультациялық кеңесінің мүшесі және «Креативті экономика» еңбегінің авторы Джон Хокинс енгізген. Оның тұжырымы бойынша бұл – тек білім мен талантқа негізделген әрі интеллектуалды қызметпен байланысты экономика секторы. Ал оның негізгі валютасы – идея.
Қазіргі уақытта біздің елімізде креативті индустрия мәселелері «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасымен реттеледі. Сондай-ақ, сала өкілдерімен бірлесіп инфрақұрылымды, қолдауға бағытталған арнайы қор құру және креативті индустриямен жұмыста мемлекеттік мүлікті пайдалану жөніндегі тетіктер талқыланып жатыр. Заңнамалық көмек шеңберінде «Мәдениет туралы», «Білім туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдарға толықтырулар енгізу жоспарланған.
Креативті индустрияны дамытуда қай елдердің тәжірибесі озық саналады?
Дамыған елдер ондаған жылдар бойы креативті индустрияны қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Бүгінгі таңда бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табады. Креативті индустрияның жаһандық экспорты 250 млрд долларға тең. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар қатары үнемі өсіп келеді және олардың саны қазірде 29,5 млн адамға жетті. Болжам бойынша креативті индустрия алдағы жылдары жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10%-ын алады.
Жаһандық инновациялық индекске сәйкес, биыл креативті экономика бойынша 132 елдің ішінде Швейцария, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур көш бастады. Осылайша Швейцария қатарынан 13-ші рет әлемнің ең инновациялық экономикасы деп танылды. Биыл Швеция АҚШ-ты артқа тастап, екінші орынға көтерілді. Ал Сингапур үздіктердің бестігіне еніп, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиты маңайындағы елдердің экономикалары арасында жетекші орынға ие болды.
Қазіргі зерттеушілер креативті индустрияны мынадай үш модельге бөліп қарастырады: америкалық, скандинавиялық және шығыс-азиялық.
2006 жылдан бастап АҚШ негізінен креативті индустрияға жататын дизайнерлік, баспа және аудиовизуалды өнімдердің ірі экспорттаушысы саналады. Бұл аталған елдің басты стратегиясы ретінде айқындалған. АҚШ-та креативті және мәдени салаларды дамытудың бірыңғай федералды саясаты жоқ. Оған қарамастан, осы сала аясында 2019 жылы 30 миллионнан астам жұмыс орны құрылды.
Креативті индустрияның даму қарқыны дәстүрлі өнеркәсіпке немесе өзге салаларға қарағанда едәуір жоғары. Мәселен, экономикалық құлдырау кезінің өзінде әлемдік креативті сектордың көлемі 14 пайызға өсті. Сарапшылар пікірінше, оған аталған саладағы табиғи кедергілердің жоқтығы ықпал етіп отыр. Демек, өнімді жасау көп материалдық шығынды қажет етпейді және оны барлық жерде және ешқандай шектеусіз тұтынуға болады.
Креативті экономикада өркендеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бастапқы кезеңде идеяны шындыққа айналдыру жолында мемлекеттің қолдауы маңызды. Мысалы, Оңтүстік Корея креативті индустрияның пайдасы мен әсерін толық түсіне бастады. Өйткені, бұл елде 2009 жылдан 2017 жылға дейін арнайы құрылған KOCCA креативті контент үкіметтік агенттігі жұмыс істеді. Оның қызметі аталған салаға серпіліс жасап, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік ашты. Мұның бәрі K-pop немесе «корей толқынынан» басталды. Оңтүстік Кореяның сән үлгісіне, сериалдарына, компьютерлік ойындарына және басқа да мультимедиялық өнімдеріне деген қызығушылық жаһандық субмәдениетке айналды. Енді ол осы мемлекеттің имиджін жақсартып қана қоймай, корей бюджетіне орасан зор қаражат әкеліп отыр. Корей креативті индустриясы тауарларының жыл сайынғы экспорты шамамен 6 млрд долларға бағаланады.
Скандинавия елдеріндегі (Швеция, Дания, Финляндия) креативті индустрия саясаты швед моделі негізіндегі әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасы шеңберінде қалыптасты. Бұл тәсіл кәсіпкерлікте креативті дағдыларды практикада қолдануға үйрететін кәсіптік білім беру жүйесіне, мәдениет пен өнер саласына гранттық қолдауды арттыруға, инновация мен шығармашылыққа бағытталатын инвестицияны ұлғайтуға ынталандырады.
Сонымен қатар, қалалық даму саясаты ретінде басталған Оңтүстік Корея, Жапония және Қытайдың креативті индустриясы шығармашылыққа арналған инфрақұрылымды жасақтауға емес, жаңа постиндустриалды технологиялық шешімдердің инновациялық ілгерілеуіне көп көңіл бөледі.