Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз.
Сондықтан да Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажет екенін айтқан болатын. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді.
Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, ал өңірлер назардан тыс қалып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы «Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын» деген болатын.
Одан басқа, Мемлекет басшысы 2023 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында Үкімет алдына бірқатар жаңа міндет қойды. Оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустрияны дамытуды қолға алуды тапсырды. Шығармашылық индустрия, креативті экономика немесе білім экономикасы – бұл, ең алдымен, идеялар мен технологиялар негізінде дамитын зияткерлік қызметпен тығыз байланысатын экономика секторы. Бұл уәкілетті орган ретінде министрлік жұмысының ең негізгі бағыты.
Ал баспасөз мәслихатының бірінде еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі креативті индустрияны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, онда сала басшысы креативті дамытуды тек пайда үшін қарастырмау керегін айтты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасына сәйкес, шығармашылық және мәдени салалар қоғамымыздың инклюзивті және тұрақты дамуымызға айтарлықтай әсер береді. Атқаратын жұмыс көп. Креативті экономика дамып, өркендегенімен, біз оның даму барысын қазір ғана мемлекеттік деңгейде қарастырып, жеделдетуді қолға алдық. Қазақстан экономикасына креативті индустриялардың үлесін ұлғайтуды 2025 жылы 5%-ға (2023 жылы – 4,07%, 2024 жылы – 4,53%), креативті индустрияларда жұмыспен қамтуды 2025 жылы 4%-ға дейін арттыруды (2023 жылы – 3,8%, 2024 жылы – 3,9%) жоспарлап отырмыз, креативті индустриядағы шағын және орта бизнестің үлесі 2025 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды (2023 жылы – 66 мың, 2024 жылы – 73 мың). Оған қоса, осы уақытқа дейін креативті технологияларды дамыту есебінен отыз мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Ал креативті индустриялар өнімдерінің экспорты екі жүз млн долларға дейін өсу мүмкіндігі бар.
Қорыта айтсақ, креативті индустрия дегеніміз – медиа, мәдениет пен креативті саланы біріктіру кешенді және жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Басты міндет – осы бағытты дамыту жөніндегі қызметтің тиімділігін арттыру үшін барынша күш-жігер салу болып табылады. Сол себепті осы мүмкіндікте айырылып қалмауымыз қажет.