Ағымдағы жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойған болатын. Осы қабылданған бұл жаңа заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау жөніндегі берген тапсырмасының қорытындысы, нақты нәтижесі деуге болады.
Жалпы, бұл заң осы кезге дейін қолданыста болған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелерінің жиынтығы деуге негіз бар. Оқып байқағанымыздай, жаңа заңда бірқатар тың ережелер де қарастырылған. Соның ең бастысы – бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар интернет-ресурстарды да қамтитын «Масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізіліпті. Оған қоса заңдағы негізгі ұғымдар қатарына «ақпараттық егемендік» деген де түсінік кіргізіліпті. Бұл деген сөз – ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда ел азаматтарының қоғамдық-саяси дербестігін айқындайтын отандық-ақпараттық кеңістігінің тәуелсіздігі. Көпшілікке белгілі, бұрынғы заңда ақпараттық егемендік туралы түсінік те, норма да жоқ болатын.
Тағы да бір айта кететін нәрсе – жаңа заңның мүмкіндіктері аясында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын Бірыңғай медиа платформа құрылатын болады. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайтылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған үдерісі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған. Сондай-ақ, журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. Ендігі жерде журналистердің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын «журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізіліп отыр. Шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл деп белгіленген.
Жаңа заңдағы тың ережелердің тағы бірі – шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібінің жетілдірілгені. Осыған орай, ендігі жерде тілшілердің сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Мұның өзі журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді.
БАҚ-тың өз қызметін реттеу мақсатында заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Жалпы, бұл кеңестердің негізгі қызметі – журналистердің әдеп кодексін әзірлеу. Ал, гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді.
Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және жариялауға тыйым салынады.
Баршаға белгілі, біз әңгіме етіп отырған жаңа заң жобасы жылға жуық уақыт бойы Парламенттің қос палатасында талқыланған болатын. Заң төңірегінде болып жатқан пікірталастар жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарынан үнемі хабардар болып отырдық. Нәтижесінде заман талабына жауап беретін маңызды құжат дүниеге келді. Баспасөз беттерінен оқып, білгеніміздей, Мәжілісте 110 адамнан құрылған жұмыс тобы (жетекшісі Мәжіліс депутаты, журналист Жанарбек Әшімжанов) БАҚ өкілдері, медиа сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерімен ортақ алаңда жұмыс тобының 57 отырысын өткізіп, заң жобасына көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осылайша заңның аты ғана емес, заты да өзгерді деп айтуымызға болатын сияқты.
Айрықша атап өтерлігі, заңда балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарды қаржылай қолдауға басымдық беріліп отыр. Өз кезегінде бұл өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының қаржылық тығырықтан шығуына септігін тигізіп, шығармашылық бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді.
Жоғарыда айтқан БАҚ-та жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленгені жалған ақпарат таратуға тосқауыл қойып, ақпараттың шынайылығына деген талапты күшейтеді.
Заң жобасын талқылау барысында тағы да қол жеткен олжа – мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін арттыру болды. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілдің көлемін 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді.
Қазіргі таңда қоғамның дертіне айналған, әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбына шектеу қойылып отыр. Бұдан былай ақпарат айдынында суицид жасау тәсілдері және суицидке шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салынады. Отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20-дан 10 пайызға дейін азайту көзделуде. Соңғы кездері өкінішке қарай, журналист мамандарының түрлі деңгейде қауіп-қатерлерге кез болып жататындығын баршамыз да көріп, естіп жүрміз. Мұндай кездейсоқ жайлардың алдын алу мақсатында аталған заңда журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілген.
Осылайша қабылданған заң ең алдымен кәсіби журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен ықпалдылығын, тиімділігін арттыруға, ақпарат таратуда бәсекелестіктің дұрыс бағытта дамуына, жалпы қоғамдық-саяси өміріміздің тұрақтылығы мен мемлекеттік саясаттың ілгері жылжуына әсер ететіні сөзсіз.
Отандық бұқаралық ақпарат кеңістігі бұдан былай «Масс-медиа туралы» заңды басшылыққа ала отырып, ашық әрі жемісті жұмысын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды.