Жетісайда аудан басшысы Серік Мамытовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, квазимемлекеттік мекеме және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан осы жиын барысында аудан аумағындағы бірқатар өзекті мәселелер – заңсыз құрылыстар, аграрлық сектордағы жаңашылдықтар, санитарлық тазалық, ауыз су және ағын су тапшылығы кеңінен талқыланды.

Күн тәртібінде алғашқы болып сөз алған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев заңсыз құрылыстарды жою бойынша құрылған жұмысшы топтың қызметіне тоқталды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жетісай қаласында бой көтеріп жатқан 1500 орындық мектептің құрылысы мен қажетті инфрақұрылым мәселелері қозғалды.

Келесі кезекте «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық жобасының жүзеге асырылуы және аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары Жақсыбай Әміре баяндама жасады. Оның баяндамасында санитарлық тазалық пен инфрақұрылым саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қамтылды.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков агросектордағы жаңашылдықтар жөнінде мәлімдеді. Атап айтқанда, ағын суды үнемдеу технологияларын шаруашылықтарға енгізу, көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру, жеңілдетілген дизель отынының шаруаларға уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ ағын су тапшылығының алдын алу бағытындағы шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де назардан тыс қалмады.

Жиын соңында әр сала бойынша өзекті мәселелерді тиімді шешу жолдары ұсынылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті сала басшылары тарапынан нақты жауаптар берілді.

Өз тілшімізден.

ЖИЫНДА МАҢЫЗДЫ ЖАЙЛАР АЙТЫЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған