Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы аясында Жетісай ауданында кезекті сенбілік болып өтіп, оған – аудан тұрғындары, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, табиғат жанашырлары белсенді қатысып, тазалықты сақтауға өз үлестерін қосты.
Сенбілікке жалпы саны 2 мыңға жуық адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылып, қалалық және ауылдық округтер аумағында кешенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Арнайы белгіленген учаскелерде мекемелер мен ұйым қызметкерлері бей-берекет төгілген қоқыс орындарын тазалады, жол жиегіндегі шөптер шабылып, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды. Сонымен қатар, аудан кіреберістерінде де тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы сенбілікке байланысты өз пікірін білдіріп, тұрғындардың белсенділігін ерекше атап өтті:
«Бүгінгі сенбілікке ауданымыздағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен арнайы техникалар белсенді қатысты. Әрбір мекеме өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын мұқият орындады. Мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізілуі – жергілікті тұрғындардың тазалыққа бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Бұл – аудан халқымыздың мәдениеті мен ортақ жауапкершілікке деген көзқарасының көрінісі», — деді ол.
«Таза Қазақстан» жобасы – экологияны сақтау мен қоршаған ортаны күтуге бағытталған маңызды бастама. Жетісайлықтар бұл бағыттағы жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарап, игі істерге ұйымшылдықпен жұмылып келеді.
Өз тілшімізден.