Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, құзырлы орган өкілдері мен «ҚазСуШар» ТОФ Жетісай бөлімшесінің басшысы қатысты.
Осы жиын барысында жауапты сала басшылары атқарылған жұмыстардың барысы, алдағы жоспарлар және туындап отырған өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
Қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу. Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Есімжан Надиров жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жалпы қылмыс деңгейін төмендету, соның ішінде кәмелет жасқа толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Білім беру саласы. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков жаңа оқу жылына білім беру мекемелерінің дайындық барысына тоқталды.
Экономика және қаржы. Аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғабит Мелдеханов өткен жеті айдың қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің кірістері мен шығыстарының игерілуін баяндады.
Ағын су мәселесі. «ҚазСуШар» ТОФ Жетісай бөлімшесінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков ағын судың жеткізілу жағдайын түсіндірді.
Экология және абаттандыру. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Жақсыбай Әміре «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесін ұсынды.
Баяндамалардан кейін қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Серік Мамытов тиісті сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі әрі уақытылы атқарылуының маңыздылығын атап өтті.
Дина УТЕБАЕВА, Жетісай ауданы.