Қай уақытта болсын, қазақ қоғамы жастарға иек артып, келер ұрпақтың әлеуетіне сенетіні атам заманнан аян. Содан болар ел тәуелсіздігін жариялағалы бері «Жастар саясаты туралы» Заң бірнеше рет қабылданды. Негізі алғаш егемендік тұсында 1991 жылы 28 маусымда «Қазақ КСР-дегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» атауымен бастау алған. Бұл құжат экономиканың бір түрінен екінші түріне көшуді көрсететін нормативтік-құқықтық акт болды.
Кейін араға 8 жыл салып, Жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта келешек азаматтардың адамгершілік рухани дамуы, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін жүзеге асыру, зияткерлік және физикалық дамуына жағдай жасау, еңбек, білім және денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету, халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру үдерістеріне қатысу мәселелеріне басымдық берілді.
Бүгінде еліміздегі жастар қауымының үлесі 3,7 миллионнан 6 миллионға көбейді. Демек мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көретіндер саны да артты. Қазір жастардың даму индексі, NEET санатындағы жастар, жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары секілді ұғымдар ресми түрде қолданылып жүр. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған реформалардың бір көрінісі еді.
Қоғамның көкейкесті мәселесіне айналған жастардың жұмыссыздығы осы заң аясында жүйеленіп келеді. Жоғарыда атап өткендей, «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламаға қазір 35 жасқа дейінгі азаматтар да қатысып жүр. Әсіресе, не еңбек етуге, не оқуға құлқы жоқ NEET жастардың санын мейлінше азайту мақсатында бірқатар іс-шара қабылданды.
Жастардың тағы бір уайымы – баспана. Өйткені бұл заманда үй алу мен үй салудың машақаты олардың бас ауруына айналды. Талай жастар қаржы жетіспей қиналып, ащы суды ұрттап, қылмысқа да салынып, айырылысып та жатыр. Яғни бір проблеманың ізінше туындап жатқан мәселелер жетерлік. Статистикалық деректерді бағдарласақ, қазақ жастарының тек 18 пайызында жекеменшік үй бар. Елдегі әр төртінші жас жалдамалы пәтерлерді паналап жүр. Ал 52%-ы ата-анасымен бірге тұрады. Түйткілдің түйінін тарқату үшін осы санаттағы азаматтарға арналған «Елорда жастары» мен «Алматы жастары» сынды ипотекалық бағдарламалар 2025 жылға дейін барлық облыста іске қосылмақшы.
2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдан 2022 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша 7 мыңнан астам пәтер берілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарға 5 жыл ішінде жеке тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна жинауға жағдай жасау. Өз кезегінде, жалға берілетін тұрғын үй тетігі өз құқықтарына тұрғын үй сатып алу бойынша жеңілдікті бағдарламаларға қатысу үшін өз тұрғын үйін сатып алуға бастапқы жарнаны жинақтауға мүмкіндік береді, «Отбасы банкі» депозитінде бес жылға дейін жинақтауды көздейді. Сонымен бірге «Отбасы банк» әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Шаңырақ», «Әскери баспана», «Жас отбасы» ипотекалық бағдарламаларын іске асырады. Бұған қоса қазіргі кезеңде жастарға қолжетімді тұрғын үй ипотекалық кредит бойынша бір жылдың пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз, бастапқы жарна – 10-нан 20 пайызға дейін, мерзімі 20-25 жылға дейінгі өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 14 өңірде (Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытау – облыстарында) іске асырып келеді. Жалпы жастар арасындағы суицид, қылмыс, баспанамен, жұмыспен қамту, білім мәселелері және тағы да басқа 30-дан астам тармақ барлық деңгейдегі әкімдіктердің даму картасына енгізілді.,
Жалпы, жастарды қолдағанымыз жақсы, десек те, мен үйрену, баулу дұрысырақ дер едім. Өйткені қолдау инфантилизмнің, масылдықтың пайда болуына түрткі болуы мүмкін. Ал жастарға белгілі бір дағдыларды беру, еңбекке баулу олардың азаматтық белсенділігін, жауапкершілігін оятады. Ал мемлекет саясаты туралы ақпаратты дұрыс тарату жергілікті жастар ұйымдары, билік органдарының құзыретінде. Яғни аймақтық деңгейде мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асатын жобалар мен бағдарламалар туралы белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Егер жергілікті жерлерде, аймақтарда мұндай жұмыс жүргізілмесе, жастардың нақты қажеттіліктері мен сауалдары жауапсыз қала береді. Бұл тұйық шеңбер іспеттес, наразылық пен қанағатсыздықты өршіте береді, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.
Қорыта айтсақ, ұлттың кемел келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар үміт пен жауапкершілік жоғары. Сондықтан жастардан шынайы патриоттыққа негізделген білім мен біліктілік, креативтілік талап етіледі. Ал мемлекет осы санаттағы азаматтарды қолдап, жастар саясатын жүйелі жүзеге асырса, еліміздің іргетасы мықты қаланатынына сенім бар.