Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевпен сұхбат

– Мұрат Әжінұрұлы, Мемлекет басшысының әр жолдауы – елдің ертеңіне берілген бағдар іспетті. Осы стратегиялық құжатта елдегі басты қағиданың бірі ретінде «Заң мен тәртіптің» белгіленгені белгілі. Тапсырмалардың орындалуы көңілден шыға ма?
– Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. …Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деп барлық дамудың бастауында заң мен тәртіп тұратынын айтты. Расында заң салтанат құрмаған, тәртіп сақталмаған мемлекеттің ілгері басуы қиын. Сондықтан прокуратура да бұл қағиданы басшылыққа ала отырып, көптеген іс-шараларға бастамашы болып келеді.
Күнделікті тәжірибе көрсеткендей мемлекеттегі заңсыздық пен құқық бұзушылықтың дені хабарламаны тіркемеумен тікелей байланысты. Қылмысты жасырудың, азаматтарды негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартудың соңы жалпы әділдікке деген көзқарасты күйретеді. Мысалы, Түркістан ҚІІБ қызметкерлері бір азаматшаның арызы негізінде «Дем» дүкенінің сатушысына қатысты қылмыстық іс бастаған. Арызданушы сатушыны кассадан қомақты сомада ақша қаражатын жымқырды деп көрсеткен. Прокуратура қадағалау тәртібінде осы іске араласып, сатушыға қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Себебі, тергеу органымен Бас прокурордың Нұсқауының және ҚПК-нің қылмыстық істі тіркеуге қатысты талаптары бұзылған, яғни арыз иесімен аудиттік тексеру, ревизия қорытындысы, залал сомасын растайтын құжаттар ұсынылмаған. Егер әрбір адам қанша ақша жоғалғанын білмей тұрып, кімнің жымқырғанына көзі жетпей тұрып полицияға арыздана берсе, әрі оны полиция сүзгіден өткізбей тіркеп, тексеретін болса, айналамызда заңға, құқықтық құрылымдарға өкпелі жандардың саны көбейе бермей ме? Бұл – мемлекеттің құқықтық саясатына ғана емес, азаматтардың мүддесіне қарсы жасалған қадам.
– Қылмыс орбитасына заңсыз тарту деректері көп пе?
– Бүгінгі таңда бизнес субъектілеріне де қатысты басталған барлық қылмыстық істердің заңдылығы прокурорлар тарапынан жедел түрде зерделеніп, құқықтық баға берілуде. Өйткені, кәсіпкерлерді заңсыз қылмыс орбитасына тарту Бас Прокурордың қатаң бақылауында. Соның нәтижесі ретінде, қадағалау тәртібінде Түркістан өңірінде соңғы 3 жылда негізсіз басталған 800-ден аса қылмыстық іс 3 тәулік ішінде тоқтатылған. Осы санның артында қаншама жазықсыз адамның тағдыры, тілегі, сенімі тұр. Міне, сондықтан да біз Мемлекет басшысының жолдауларында жүктелген тапсырмалардың әрқайсысын – азаматтар өмірін, мүдделерін, құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған пәрменді тетік деп қабылдаймыз.
– «Еститін Мемлекет» қағидасы ашықтық пен сенімге құрылған. Ал прокуратура халықтың үнін дер кезінде естіп, шара қабылдай алып отыр ма?
– «Еститін Мемлекет» қағидасының басты формуласы – ашық диалог, қолжетімді қызмет, жедел байланыс. Прокуратураны да халыққа жақын еткен осы қағидалар. Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл қоюда азаматтар белсенділігін арттыру аса өзекті. Осы мақсатта «Бұзушылыққа тоқтам» атты пилоттық жобаны қолға алған едік. Бүгінде әр ауданда осындай 17 телеграм-бот ашылып, қолданысқа енгізілген. Оның тиімділігі – кез келген азамат өзіне белгілі болған, өзі куәсі болған барлық құқық бұзушылықтар туралы дереу онлайн режимінде оқиға орнын (локациясын) көрсете отырып, құзырлы органдарға хабарлай алады және өз хабарламасы бойынша қандай әрекеттер жасалғанын білуіне мүмкіндік бар. Бұл прокуратура мен азаматтар арасындағы кері байланыстың тамаша үлгісі. Бүгінде телеграм-боттарға бұзушылық туралы 242 хабарлама түскен. Соның ішінде азаматтар интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғасы, көшенің ластануы, жолдың сапасыздығы, бағдаршамның істен шыққаны, қоғамдық орындардағы бұзушылықтар, есірткі өсіру, сақтау бойынша хабарлама берген. Ел ішіндегі заңсыздықтарды құзырлы органдардың бірден байқамауы мүмкін. Ал мына телеграмм-бот көптеген заңсыздықтардың дер кезінде анықталып, шешімін табуына жол ашады.
– Инвесторлар – мемлекеттің дамуына ықпал ететін қуатты күш қана емес, ел мен елдің арасын жалғайтын алтын көпір. Инвесторларды қолдау, ел ертеңіне салынған қаржының мақсатқа сай жұмсалуын қадағалау қалай жүзеге асырылуда?
– Бұл жұмыста Мемлекет басшысының «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға қатысты шаралар туралы» Жарлығы басты бағдарға айналған. Осы Жарлыққа сай прокуратураға жүктелген міндет айқын. Ол – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Сонымен бірге инвесторлар бетпе-бет келетін мәселелер мен кемшіліктерді жедел шешу өзекті. Біз инвесторларды – ел экономикасына қозғау салушы, ел еңсесін тіктеуші, елдің табысын еселеуші тетік ретінде қарап, оны заңдық тұрғыдан қорғауымыз керек.
Қазақстанның әлеуетіне сенгендіктен болар соңғы жылдары қаржысын біздің өндіріске салатын шетелдік инвесторлар көп. Айталық 2025 жылдың сегіз айында Түркістан облысына 783 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салынған қаржы 125%-ға өсті. Инвестицияның көбеюі өңірдің түрленуіне, аймақтың қуатты өлкеге айналуына, көптеген жұмыс орнының ашылып, табысты азаматтар қатарының өсуіне ықпал етуде. Ал осы ел игілігіне жарайтын қаржы мақсатына сай жұмсалып, инвесторлардың құқығының бұзылмауы – прокуратураның жіті бақылауында.
Мемлекетте кәсіп жүргізуге қажетті құжаттардың реті бекітілген. Соған сай бір жобаны бастау үшін инвесторларға бірқатар құрылымдардың тексеруінен өтіп, рұқсатын алу қажет. Осы құрылымдардың бірі рұқсатты кешіктіріп беріп, қолдан кедергі жасаса, инвесторлар жұмысы ақсайды. Ал қазір уақыттан бағалы, сенімнен қадірлі не бар? Прокуратураның да мақсаты инвесторларға Қазақстанның ең қауіпсіз, ең сенімді ел екендігін құқықтық құралдар арқылы растау.
Сондай-ақ Президенттің бастамасымен – инвесторларды қорғау бағытында «Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді. Бұл жоба бойынша мемлекеттік органдар инвесторға қатысты кез келген тыйым салу немесе шектеу әрекетін қолға алар алдында прокуратурамен міндетті түрде келісуі тиіс. Осы механизмнің көмегімен прокурорлар екі жылда 31 инвесторға қатысты уәкілетті органдар тіркеген заңсыз әкімшілік істердің күшін жойып, 17 инвесторға қатысты заңсыз тексеруді тоқтатты.
Одан бөлек инвесторлар арасында жедел өзара іс-қимыл жасау және тиісті ақпарат алмасу үшін «Turkistan Invest ОП» атты «WhatsApp» мессенджері құрылған. Инвестжобаға қатысты сұрақ туындаса, прокуратура органына немесе «WhatsApp» мессенджеріне жазба қалдыра отырып, шағым түсіруге болады.
– Құқықтық зайырлы мемлекетте азаматтар зорлық көрмеуі, азаптауға ұшырамауы маңызды. Бірақ, күнделікті өмірде мұндай жағдайлардың орын алып жататыны жасырын емес. Бүгінде азаптаумен байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру прокуратураға жүктелгенін білеміз. Қадағалаушы орган азаптауларға қарсы тұра алып отыр ма?
– 2023 жылы Түркістан облысының прокуратурасында азаптау фактісі бойынша 51 қылмыстық іс тіркелген. Осы тіркелген 4 қылмыстық істе азаптау қылмысын 11 полиция қызметкерлері жасаған. Халықты қорғайды, қолдайды деп жүрген полицейлердің азаптау әрекеттерінің ортасында жүруі, әрине, өкінішті. Алайда, біз әлі күнге мұндай теріс әрекеттерден арылмай келеміз. Кешенді іс-шаралардың арқасында азаптау қылмысының тіркелу динамикасы күрт азайып, 2024 жылы 18 іс тіркелсе, олардың барлығы қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Ал 2025 жылы азаптау бойынша 1 ғана іс тіркелген. Осының өзі прокуратураның үйлесімді жұмысын көрсетсе керек.
Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқару үшін облыстық прокуратура полиция ғимараттарындағы бейнебақылау камераларының толық жұмыс істеуіне, «соқыр» аймақтардың, заңсыз ұсталған, жеткізілген азаматтардың бар/жоғына, прокурор бөлмесінің жабдықталуына мән беріп, тұрақты тексеруде. Кешенді жұмыстар нәтижесінде облыстық полиция бөлімдері толық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді.
– Президенттің жолдауында жаңа технология жетістіктерін барлық сала жұмысына пайдаланып, жасанды интеллект көмегіне жүгінудің кезек күттірмейтіні айтылды. Прокуратура өз қызметінде сандық технология мүмкіндіктерін қаншалықты қолданады?
– Цифрлық ел болу бір күннің, болмаса бір сәттің мәселесі емес. Бұл көп болып жұмыла атқаруды қажет ететін ауқымды іс. Әрі біз сандық технология жетістіктерімен бүгін ғана бетпе-бет келіп тұрғанымыз жоқ. Азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша іс-шаралардың қолға алынып, оң нәтиже бергеніне біраз уақыт болды. Соның ішінде Прокуратура тарапынан жасалған бірқатар цифрлық жобаларды көпшілік күнделікті тұтынып келеді.
Жасанды интеллектіні жаңашылдықтардың өзегіне айналдыруға көптің ниеті, елдің талабы қозғау салғаны белгілі. Қазір әлем сандық технология эволюциясында өмір сүруде. Халықтың негізгі сұранысы, қажеттілігі – интернет, жасанды интеллектпен байланысты. Соған орай мемлекет те өзінің бағыт-бағдарын өзгертіп, қызметін тұтынушы талабына сай жандандыруы керек. Сонда ғана Президентіміз айтқандай үш жылда цифрлық елге айналарымыз анық.
Айталық Құқықтық статистика және арнайы ескепке алу комитетінің жетекшілігімен дайындалған «qamqor.gov» сервисі 2017 жылдан бері ел игілігіне қызмет етуде. Бұл мобильдік қосымша мемлекет мен азаматтар арасындағы жедел диалогтың тиімді құралы ретінде мойындалған. Сервис халықтың құқық қорғау құрылымдарына онлайн сұраныс жолдап, жылдам қызмет алу жүйесін қалыптастырған бірегей жоба. Сонымен қатар күнделікті қолданылатын Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізімі (СДТБТ) қылмыстық істер туралы мәліметті бір орталыққа жинап, прокурорлардың қылмыстық іс бойынша әрекеттерді жіті қадағалауына мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ қылмыстық процесс қатысушыларына тергеу және қылмыстық қудалау органдарымен қашықтан байланысуға жол ашады.
Е-otinish арқылы шағым-арызын мемлекеттік органдарға жолдаған азаматтар оның қаралу барысын және нәтижесін жүйе бақылап отыратынын да айта кеткен орынды. Бұдан бөлек, «Ахуалдық орталық», «Георкарты», «Сот кабинеті» және т.б. ақпараттық жүйелер күнделікті қолданылуда, бұлар өз кезегінде жұмыс барысында тиімділігін тигізіп келеді.
Қазақтың маңдайалды жазушысы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт керек: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң тәртіп керек», – деген екен. Сол айтпақшы, елдік мұратқа көп болып ұйып, күш біріктіргенде ғана жетуге болады.
– Прокуратура тарапынан қолға алынған сандық жобалардың нәтижесі қандай? Ізденістер ел көңілін шығып жатыр ма?
– Прокуратурадағы кез келген жоба, әрбір бастама – терең ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Көпшіліктің көңілінен шыққан, азаматтардың қажетіне жараған жобалар ғана өміршең. Біз осындай өміршең жобалар дайындауға күш саламыз. Мысалы комитет порталында адамдарды іздеу бойынша 5 бөлім бар. Соның арқасында алимент бойынша берешегі бар азаматтардың тізімін іздеу өте жеңіл. Алимент төлеуден жалтарғандарға, сот орындаушылары белгілі бір шектеулер қоятыны белгілі. Әрі мұндай борышкерлер іздеу тізіміне енгізіледі. Біздің қызметімізде осындай іздеуде жүрген мыңға жуық адам бар.
«Балаларды іздеу» деп аталатын бөлімде 7 жасқа дейінгі жоғалған балаларға қатысты ақпарат жинақталған. Порталда қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу барынша ыңғайлы. Мұнда кез келген адамның іздеуде екенін тексеруге болады. Мысалы, сіз жұмысшылар тобын жалдайсыз, өзіңізді және отбасыңызды қорғау үшін порталға олардың атын енгізіп, іздеуде тұрған, тұрмағанын білу оңай.
Прокуратура қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық салаларда құқықтық статистиканы жинап қана қоймай, ақпаратты алудың ыңғайлы әдістерін де дамытып жатыр. Біздің ерекшеліктерімізге сүйене отырып, қылмыстардың, әкімшілік құқық бұзушылықтардың толық және сенімді статистикасына қол жеткізуге болады.
– Биылғы жолдауда Мемлекет басшысы Цифрлық кодексті дайындаудың маңызды екенін атап өтті. Бұл кодекс қолданысқа енсе, не өзгеруі мүмкін?
– Сандық технологияға қатысты сауаттың кемдігі, азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттарға салғырт қарауы салдарынан кибер алаяқтық күн санап көбеюде. Цифрлық кодекс – сандық технологияны қару еткен қылмыскерлерге тосқауыл қоюдың пәрменді құралы болуы тиіс. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалады деп күтілуде.
– Өтінішімізді ескеріп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Елдің қорғанына айналған прокуратураның жұмысы алға баса берсін!
ЗАҢДЫЛЫҚТЫ САҚТАУ – ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ
