Бүгін біздің «Балауса» ортаңғы тобында «Ұлттық құндылық – болашақ бастауы» тақырыбында тәрбие сағаты өтті. Сабақтың басты мақсаты – балаларға ұлттық құндылықтарымызды таныту, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды үйрету, олардың бойында ізгі қасиеттерді дамыту.

Тәрбиеші балаларға Отанға деген сүйіспеншілік, ата-ананы сыйлау, бауырмалдық, достық, адалдық сияқты ұлттық құндылықтарды түсіндірді. Сондай-ақ, балаларға қазақтың ұлттық ойындары – асық, алтыбақан, ұлттық ою-өрнектер туралы мәлімет беріліп, оларды тәжірибе жүзінде ойнауға мүмкіндік жасалды. Балалар ойынға қызыға қатысып, әр ойынның ерекшелігін, мағынасын түсінді.
Сабақ барысында балалар ән айтып, би билеп, ұлттық мәдениетімізді сезінді. Ұлттық ою-өрнектерді танып, олардың әрқайсысының мәнін түсінді. Мұндай іс-шаралар баланың рухани, моральдық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосады.
Тәрбие сағатының соңында балалар өздері көрген-білгендерін бөлісіп, алған әсерлерін айтып, бір-бірімен достық, сыйластық сезімін нығайтты. Мұның барлығы олардың бойында ұлттық құндылықтарды қадірлеу, өз елін, тілін, мәдениетін сүю сияқты қасиеттерді қалыптастыруға септігін тигізеді.
Балаларымыздың ұлттық мұраға деген қызығушылығы мен құрметі олардың болашағына бағыт беріп, жауапты, ізгі азамат болып өсуіне негіз болады. Мұндай іс-шаралар біздің болашағымыздың бастауы – ұлттық құндылықтар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жолдасбек Маржан Бердибекқызы,
«Бейбарыс –М» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.
