Қазіргі білім беру жүйесі оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған. Бұл ретте тек білім беру ғана емес, олардың денсаулығын нығайту, зияткерлік қабілеттерін жетілдіру, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру – басты міндеттердің бірі болып табылады. Дене шынықтыру сабағы осы міндеттерді жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Мен, №74 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде, өз тәжірибемде ұлттық зияткерлік ойындарды, соның ішінде «асық ату» мен «бес тас» ойындарын кеңінен қолданамын.
Ұлттық ойындар – халқымыздың асыл мұрасы, ғасырлар бойы сұрыпталып, бүгінгі күнге жеткен тәрбиелік мәні зор құрал. Олар тек ойын ғана емес, баланың ой-өрісін кеңейтетін, ептілікке, шапшаңдыққа, дәлдікке тәрбиелейтін тиімді әдіс. Әсіресе қазіргі заманда балалардың бос уақыты көбіне гаджеттерге тәуелді болып отырғанын ескерсек, ұлттық ойындарды сабақ барысында қолдану – уақыт талабы.

«Асық ату» ойыны – қазақ халқының кең тараған ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын оқушылардың мергендігін, дәлдігін, көз мөлшерін, қол мен көз координациясын дамытады. Сабақ барысында асық ату ойынын ұйымдастыру кезінде оқушылар белгілі бір ережелерді сақтай отырып, бір-бірімен жарысады. Бұл олардың бәсекелестік қабілетін арттырып қана қоймай, тәртіпке, шыдамдылыққа, әділдікке үйретеді. Сонымен қатар, әрбір оқушы өз мүмкіндігін бағалап, жетістікке жету жолында талпынады.
Ал «бес тас» ойыны – зияткерлік және ептілік қабілеттерді қатар дамытатын ерекше ойын түрі. Бұл ойын барысында оқушылар саусақтарының икемділігін дамытып, жылдам ойлауға, зейінді шоғырландыруға дағдыланады. Ойынның кезеңдері күрделене түскен сайын балалардың қызығушылығы артып, олар өз қабілеттерін жетілдіруге ұмтылады. Сонымен қатар, бұл ойын оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Дене шынықтыру сабағында мұндай ойындарды қолдану тек физикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, оқушылардың психологиялық дамуына да оң әсерін тигізеді. Ойын барысында балалар бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, достық, сыйластық, ұйымшылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Әрбір ойын белгілі бір ережеге негізделгендіктен, оқушылар тәртіп сақтауға, жауапкершілікке үйренеді.
Қазіргі таңда білім беру мазмұны жаңарып, мұғалімнен шығармашылық ізденісті талап етуде. Осы тұрғыда ұлттық ойындарды сабаққа енгізу – оқыту процесін жандандырып, оқушылардың қызығушылығын арттырудың тиімді жолы. Әсіресе, зияткерлік ойын элементтері енгізілген сабақтар оқушылардың белсенділігін арттырып, білімді жақсы меңгеруіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, ұлттық ойындар арқылы оқушылардың бойында патриоттық сезім қалыптасады. Олар өз халқының мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге үйренеді. Бұл – жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің маңызды тетігі.
Қорытындылай келе, «асық ату» мен «бес тас» сияқты ұлттық зияткерлік ойындарды дене шынықтыру сабағында тиімді пайдалану – оқушылардың физикалық, зияткерлік және рухани дамуына үлкен әсер етеді. Мұндай ойындар арқылы біз салауатты өмір салтын ұстанатын, ой-өрісі кең, ұлттық құндылықтарды бағалайтын тұлғаны қалыптастыра аламыз. Ал бұл – әрбір ұстаздың басты мақсаты.
Күлсейтов Полатбек Серикович,
№74 жалпы білім беретін мектептің
дене шынықтыру пәні мұғалімі.
