Ел болашағы – саналы, отансүйгіш, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу екені белгілі. Осы мақсатта Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында тәрбиелік мәні зор, мазмұны терең мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш шара жасөспірімдердің бойына елге деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты, өнерге деген құрметті қалыптастыруды көздеді.

Іс-шараның ашылуында оқушылардың орындауындағы патриоттық әндер көрермен көңілінен шықты. Өмірбек Шыңғыс орындаған «Көк тудың желбірегені» әні залға ерекше рух сыйлап, Тәуелсіз елдің айбынды келбетін айқындай түсті. Ал Бабантай Ерсұлтанның «Мен қазақтың баласы» әні арқылы жас ұрпақтың өз ұлтына деген мақтанышы, елдік сана-сезімі айқын байқалды.

Музыкалық бөлімді Амангелдіұлы Ұлан орындаған «Гитарам» әні жалғастырып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылардың сахнада еркін өнер көрсетуі, өз-өзіне деген сенімділігі – жүргізіліп жатқан тәрбиелік жұмыстардың жемісі екені сөзсіз.0

Шара барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін танытатын өлең оқу бөлімі де жоғары деңгейде өтті. Абдраш Абдинұр, Бахрамова Кәусар, Тұрсынхан Фатима және Жұмабек Дидарбектің орындауындағы өлеңдер туған жерге, ана тілге, ел тарихына деген сүйіспеншілікті терең жеткізе білді. Әрбір жас өреннің жүрек түкпірінен шыққан жырлары көрерменге ой салып, әсер қалдырды.

Қазақтың ұлттық би өнері де шараның сәнін кіргізді. Қыздар тобы орындаған «Әлқиса» биі нәзіктік пен әсемдіктің, ұлттық болмыстың көркем көрінісіне айналды. Сонымен қатар, Тұрсынхан Фатиманың «Бақыт» әні арқылы жасөспірімнің өмірге деген сенімі мен арманы әуен арқылы жеткізілді.

Патриоттық рухтағы шығармалар жалғасын тапты. Сабитхан Азим орындаған «Мен қазақпын» әні жас ұрпақтың ұлттық рухын асқақтатып, залдағы көрерменді ерекше әсерге бөледі. Ал балдар мен қыздар бірлесе орындаған «Алаштың Әлиханы» атты сахналық көрініс арқылы оқушылар тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның ел үшін атқарған еңбегін сахна тілімен шебер жеткізе білді. Бұл көрініс жасөспірімдерге ел тарихын тануға, тұлғаларды құрметтеуге үлкен үлес қосты.

Шараның қорытынды бөлімінде Баржақсы Сабинаның орындауындағы «Ер Тұран» күйі шырқалып, қазақтың күй өнері арқылы ұлттық рух пен ерлік сарын сезілді. Домбыра үні арқылы халқымыздың тарихы мен тағдыры, рухы көрермен жүрегіне жол тапты.

Дарын мектеп-интернатында өткен бұл тағылымды шара оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың бойында ұлттық сана, отансүйгіштік, өнерге құрмет сынды асыл қасиеттерді қалыптастыруға зор ықпал етті. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.

Шайдуллина Галия Калижанкызы,

ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тәрбиешісі.

ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ЖАС ДАРЫНДАР ҮНДЕСТІГІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған