25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданында салтанатты кеш өтіп, осы салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, көпшілікті ұлттық мерекемізбен құттықтады.
«Ұлттық мереке – бұл туған жерін, Отанын сүйетін әрбір қазақстандық үшін ұлық күн. Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол тәуелсіз – Қазақстан. Қазақ халқы өзінің болашағы мен балаларының тағдырын сонымен ғана байланыстырады. Еліміздің әрбір азаматы мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты сезініп, игі істердің ұйытқысы бола берсін демекпіз. Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілейміз» – деді, Алтын Күнтуқызы.
Іс-шара барысында Достық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Маңғыстауова Айгерім Халбайқызы және Жаңажол ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-жер инспекторы Сәбденов Хамит Берікұлы көпшіліктің алдында ант беру рәсіміне қатысып, отанға, еліне және қызметіне деген адалдығын білдірді.
Салтанатты кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойып, патриоттық тақырыптарда әндер шырқады.
Сонымен қатар, 25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен де «Қыран елім – Қазақстан» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті.Еліміз үшін маңызы ерекше осы мерекелік іс-шараны Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы және Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысы м.у.а. Қайрат Арап ашып, барша білім саласының қызметкерлерін және қонақтарды құттықтап, аудан педагогтерін еліміздің білім саласының дамуына қосқан үлесі, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін, білім саласының ең үлкен марапаты “Ыбырай Алтынсарин’’ төсбелгісімен және жетекші мектеп үйлестірушілерін алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шара барысында өнерлі оқушылардың концерттік бағдарламасын қалың көрермен тамашалап, қошеметтерін көрсетті.