Біздің «Толғанай» бөбекжай балабақшамыз біртұтас тәрбие негізінде жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басты мақсаты – бүлдіршіндерімізді үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білетін, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімді меңгерген, дені сау, саналы тұлға ретінде қалыптастыру.

Осы мақсатты негізге ала отырып, балабақшамызда тәрбиеленушілерге ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.Себебі жас ұрпаққа отансүйгіштік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру – ең алдымен ұлттық рухани негізден басталады.Бұл бағытта өткізілетін ертеңгіліктер, ұлттық ойындар, халық әндері, ұлттық аспаптарды таныстыру, салт-дәстүрлерді насихаттау – тәрбие жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.

Соның ішінде ерекше мән беріліп отырған бағыттардың бірі – қазақтың ұлттық ою-өрнектерін таныстыру.Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері барысында тәрбиешілер балаларды ою-өрнектің шығу тарихымен, мағынасы және түрлерімен жан-жақты таныстырады. Ою-өрнек – латынның «орнамент» сөзінен шыққан, «әшемдеу», «сәндеу» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқының ою-өрнек өнері – ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұра, оның 360-қа жуық түрі бар екендігі айтылып келеді.

Балаларға «Қошқар мүйіз», «Сынық мүйіз», «Итқұйрық», «Ботакөз», «Таңдай», «Қос дөңгелек» сияқты ою түрлері таныстырылып, олардың ерекшеліктері мен мән-мағынасы түсіндірілді. Сонымен қатар, бүлдіршіндер бұл оюларды қағаз бетіне түсіріп, түрлі түстермен безендіру арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытады.

Балабақшамызда көрмелер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық бағыттағы ертеңгіліктер мен мерекелік іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.Қазақ этнопедагогикасы негізінде ұйымдастырылатын оқу қызметтері, серуендер, саяхаттар, ойын-сауық бағдарламалары балалардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.Әрбір іс-шарада тәрбиеленушілер белсенділік танытып, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алады.

Ұлы ойшылдың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бекер айтылмаған.Шынында да, ұлт болашағы – балабақшадағы тәрбиеден бастау алады.Сондықтан ұлттық тәрбиені бала санасына ерте жастан сіңіру – біздің басты міндетіміз.

Қорыта айтқанда, ұлттық құндылық-тарды дәріптеу арқылы біз келешек ұрпақтың бойында рухани байлықты, елжандылықты және адамгершілік қасиеттерді қалыптастырамыз.Бұл – болашақтың берік іргетасы.

Шойбекова Дамира Қайратқызы,

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округі, Арай ауылы, ЖШС “Толғанай” бөбекжай балабақшасының әдіскері.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ӨЗЕГІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған