Мектеп… Шәкірт…Ұстаз… Осы үш сөз бір арнаға тоғысқандай. Бұл қаламның басы мен ұшы сияқты, егіз жүретін түсінік. Мектеп пен шәкірт… Ал, осы екі ұғымға жан бітіретін құдірет иесі әрине, – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз оның жүрегі» деген тіркес осы сөздерімнің мәнін ұқтырғандай.

Ұлағатты ұстаз болып, есімі келер ұрпаққа үлгі болған, халқына адал қызмет ететін тұлғаларды тәрбиелеген ұстазымыз Алиханова Шара Сейілханқызы апайымыз жайында айтып өткім келіп отыр. Шара апайымыз «С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 35 жылдан астам бастауыш сынып мұғалімі болып зейнетке шыққан.
Барша шәкірттің тұла бойына білімінің биігін сыйлап, қаншама жанның жүрегінен орын алып, өз өмірін өзгенің болашағына арнаған. Бойындағы бар білімі мен ақылы, арман мен мақсаттарын орындай жүріп, шәкірттерінің жүрегіне орын таба білді. Ұстазымыздың шәкірттері бүгінгі таңда халқына адал қызмет етіп жатқан тұлғалар.
Солардың бірі профессор, Жоғары дәрежелі дәрігер-хирург Баймаханов Абылай Ниятұлы.

Баймаханов Абылай Ниятұлы 1968 жылы Шымкент облысының Киров ауданында ұстаздар жанұясында туылған. 1985 жылы Киров ауданындағы бұрынғы В.П. Чкалов атындағы №7 орта мектепті қазіргі «С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесін бітіріп, 1986-88 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет атқарып, 1996 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдаған.
1998-2000 жылдар аралығында Алматы қ. ОҚКА қабылдау бөлімінде дәрігер-хирург қызметін атқарған. 2000 жылдан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің №1 хирургиялық аурулар кафедрасында еңбек етіп келеді. 2000-2006 жылдар аралығында кафедра ассистенті қызметін атқарып, 2006 жылы №1 хирургиялық аурулар кафедрасының доценті қызметіне ауыстырылды. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап №1 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды, ал 2019 жылы кафедра профессоры қызметіне ауыстырылды. 2020 жылы конкурстық комиссия шешімімен дипломнан кейінгі білім беру факультетінің деканы қызметіне тағайындалды.
2004 жылы «Нашақор науқастардың іріңді қабынған ауруларын комплексті емдеуде биологиялық белсенді жабындыны қолдану» тақырыбында 14.00.27 – «хирургия» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
110 астам ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 2 алдын-ала ҚР патенті, 1 оқулық, 1 оқу құралы және 4 әдістемелік құралдары бар. Жоғары дәрежелі дәрігер-хирург.
2011 жылы ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің ғылым және білім беру жүйесі бойынша аттестациялау мен бақылау комитетінің шешімімен «Қауымдастырылған профессор» ғылыми атағы берілген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Хирургиялық көмекті ұйымдастыру» жөніндегі координациялық Кеңестің мүшесі. Алматы қаласы Хирургтар қоғамының Төрағасы.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» салалық марапаттардың иегері.
ҚР Президенті жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалымен марапатталған.
Айсұлу ЖАКИПОВА,
«С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
