Қазақстан Республикасының ең қастерлі мерекелерінің бірі – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай «Бейбарыс-М» балабақшасының кіші «Балапан» тобында ашық тәрбие сағатын өткіздім. Бұл тәрбиелік шараның негізгі мақсаты – бүлдіршіндерге еліміздің тәуелсіздігі туралы қарапайым әрі түсінікті тілде мағлұмат беру, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге баулу болды.

Тәрбие сағаты барысында балаларға Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған тарихи кезеңдері жас ерекшеліктеріне сай әңгімеленді. Балалар еліміздің кең байтақ жері, бейбіт өмір, еркіндік ұғымдары туралы түсінік алып, «Отан», «Туған жер», «Ел» сияқты қасиетті ұғымдардың мәнін ұғына бастады. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранның мән-мағынасы таныстырылып, олардың әрқайсысының ел тарихындағы орны ерекше екені айтылды.

Сабақтың мазмұнын байыту мақсатында түрлі көрнекіліктер, слайдтар мен дидактикалық материалдар қолданылды. Балалар Қазақстан туралы тақпақтар айтып, патриоттық әндер орындады. Сонымен қатар, танымдық ойындар ұйымдастырылып, бүлдіршіндер белсенділік танытып, әр тапсырманы үлкен қызығушылықпен орындады. Бұл олардың есте сақтау қабілеттерін, сөйлеу мәдениетін және өз ойларын еркін жеткізу дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Ашық тәрбие сағатына балабақша меңгерушісі Мейрамхан Ұлжан, сондай-ақ әріптестерім Жансая Әбдыкулова, Жолдасбек Маржан, Тастанова Ләззат, Баиториеова Нурила қатысып, өткізілген іс-шараға оң бағаларын берді. Әріптестер тарапынан тәрбие сағатының мазмұны, балалармен жұмыс жүргізу әдістері мен тәрбиешінің шығармашылық ізденісі ерекше атап өтілді.

Ашық тәрбие сағатының нәтижесінде бүлдіршіндердің бойында Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген мақтаныш сезімі қалыптасып, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау дағдылары нығая түсті. Мұндай тәрбиелік шаралар өскелең ұрпақтың патриоттық рухын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады деп есептеймін.

Алдағы уақытта да балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, елжандылыққа баулитын мазмұнды тәрбие сағаттарын жүйелі түрде өткізу – басты мақсатым.

Шынар ЗИЯЗАНОВА,

«Бейбарыс-М» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.

ТӘУЕЛСІЗДІК  – ТҰҒЫРЛЫ ЕЛДІҢ МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған