Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Аудан әкімдігі тарапынан жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес «Тәуелсіздік күні» қарсаңында тағы бір елді мекенге көгілдір отын берілді.

Аудандағы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты, Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отынмен тұрғын жайларын жылытып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай табиғи газды тұтынатын болады.

«Біз ел Президенті мен облыс басшысының инфрақұрылымды жақсартып, ауылдарды дамыту жөнінде берген тапсырмалары аясында қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Қаржының мүмкіндігіне қарай инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бір ауылға газ берсек, екінші ауылдың жолдарын, ал, үшінші ауылдың ауыз суы мен жарықшамдарын жөндеудеміз. Ешбір елді мекен мемлекеттің назарынан тыс қалмайды» деді аудан басшысы Серік Үсенұлы.

Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Аталмыш іс-шараның барысында елдімекен тұрғындарына газ инспекциясы өкілдері тарапынан газ құрылғыларын дұрыс пайдалану бойынша ережелер түсіндіріліп,  қауіпсіздік шаралары түсіндірілген жаднамалар таратылды.

Жетісай ауданы.

ТАҒЫ ДА БІР ЕЛДІМЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған