Алатау батыр ауылдық округінде «Тарихқа тағзым» күніне орай «Біз бақытты елміз» тақырыбымен мерекелік шара өтті.
  Наурыз мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылған осынау іс-шара атқа мінген шабандоздардың шеруімен басталды. Көк байрағымызды көкке көтерген сәйгүлік мінген жігіттер Мәдениет сарайының алдынан сап түзеп өтіп, мерекенің мерейін асырды.
  Аудандық Мәдениет сарайында өткен іс-шара Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай театрландырылған көріністен бастау алды. Бостандыққа ұмтылып, алаңға шыққан Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхмеджанова есімді қаһармандардың рухтарын сөйлеткен бұл көрініс тамашалаған жандарды тебірентіп өткенін айтуымыз қажет.
  «Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр» деген қанатты сөз бар. Тарихты таразылаған мерекелік концертте әз-Жәнібек ханнан бастап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі елімізхдің жүріп өткен жолдары қамтылды.
   Ауыл тұрғындары жиналған мерекелік іс-шарада ауыл әкімі Қалдыбай Қарабаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Шермұхаммед Қаппаров құттықтау сөз сөйледі. Ауыл қариясы Боранбай Жиренбаев ел мен жердің амандығын тілеп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп ақ бата берді.
Мереке барысында «Ақ маржан» бишілер тобы, Бағлан Айнабекова, Бақберген Омаров, Ахмет Молдағұлов, Эльмира Шонаева, Жанерке Қалдыхан сынды әншілер мен ауыл өнерпаздарынан құралған фольклорлық ансамбль мүшелері тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
ШАРДАРА: АУЫЛДА АЙТУЛЫ ШАРА ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған