Қазіргі қоғамда өскелең ұрпақ тәрбиесі – аса маңызды әрі жауапты міндеттердің бірі.Жас ұрпақты білімді ғана емес, сонымен қатар адамгершілігі жоғары, адал, еңбекқор, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу – білім беру ұйымдарының басты мақсаты.Осы тұрғыда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат – біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының маңызы ерекше.

Біртұтас тәрбие – бала тәрбиесіне жүйелі түрде қарауды, яғни отбасы, білім беру ұйымы және қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуды көздейді.Бұл бағыттың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, жас ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, мейірімділік сияқты қасиеттерді қалыптастыру.
Біздің білім беру ұйымымызда да осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Тәрбиешілер мен педагогтер балалардың рухани-адамгершілік дамуына ерекше мән беріп, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда, «Адалдық – адамдықтың белгісі», «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы», «Достық пен сыйластық», «Жақсылық жаса», «Мейірімді жүрек» тақырыптарында тәрбие сағаттары, танымдық әңгімелер, пікір алмасу сабақтары өткізілді.
Сонымен қатар ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында танымдық іс-шаралар, көрмелер, ұлттық ойындар ұйымдастырылып келеді.Мұндай шаралар барысында балалар қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бата беру, салт-дәстүрлердің мәнін түсінуге мүмкіндік алады.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында сурет салу байқаулары, қолөнер көрмелері, тақырыптық ашық сабақтар өткізіледі.«Менің Отаным», «Мен адал боламын», «Тәуелсіз елім – тірегім» тақырыптарындағы шығармашылық жұмыстар арқылы балалар өз ойларын еркін жеткізіп, елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Сонымен қатар тәрбие барысында еңбекке баулу, табиғатты аялау, тазалықты сақтау сияқты бағыттар да назардан тыс қалмайды.Балалар түрлі еңбек әрекеттеріне қатысып, жауапкершілік пен ұқыптылыққа үйренеді.Бұл олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Біртұтас тәрбие жүйесінде ата-анамен тығыз байланыс орнату да маңызды. Осы мақсатта ата-аналар жиналыстары, ашық сабақтар, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылып, бала тәрбиесіне қатысты түрлі кеңестер беріліп келеді. Ата-ана мен педагогтің бірлескен еңбегі бала тәрбиесінің нәтижелі болуына үлкен ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағыты аясында атқарылып жатқан жұмыстар жас ұрпақтың бойында адамгершілік, адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі тәрбиелі, саналы бала – ертеңгі елін сүйетін, халқына адал қызмет ететін азамат. Сондықтан өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жаркинай ШЫНИБЕКОВА,
Түркістан облысы Жетісай ауданы ЖШС“Қазына нұр”бөбекжай балабақшасы әдіскері.
