Біз, балабақша тәрбиешілері, күн сайын бүлдіршіндердің тәрбиесі мен дамуына бар күшімізді салып, олардың әр күні жарқын әрі қауіпсіз өтуі үшін аянбай еңбек етеміз. Осындай жауапты жұмыс барысында жанымыздан табылып, тәрбие процесінің әр сәтіне қолдау көрсететін ең маңызды тұлғалардың бірі – педагог ассистент. Ол – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі, сенімді серігіміз және топтағы үйлесімділіктің кепілі.

Педагог ассистенттің тобына келген әрбір күні біз үшін ерекше мәнге ие. Ол сабаққа дайындық кезінде де, бөлме тазалығын ұйымдастыруда да, балалардың дамытушы орталықтармен жұмыс істеуіне жағдай жасауда да үнемі қолғабыс етеді. Балалардың тамақтану, ұйқы, серуен, ойын сияқты күн тәртібіндегі кезеңдерінде бізбен бірге жүріп, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға үлкен үлес қосады. Әсіресе ерекше қолдауды қажет ететін балаларға жеке көңіл бөліп, олардың бейімделуіне көмектесетінін де күнделікті байқаймыз.
Балалар педагог ассистентті өздеріне жақын, мейірімді жан ретінде қабылдайды. Оның жылы сөздері, сабырлы мінезі, әр балаға ерекше көңіл бөлуі – топтағы жалпы атмосфераны одан сайын жұмсартып, балалардың өзін еркін сезінуіне жағдай жасайды. Біздің жұмысымызда ең маңыздысы — әр баланың көңіл күйін түсініп, қажетті қолдауды дер кезінде көрсету. Педагог ассистент осы міндетті бізбен тең дәрежеде атқарып, балалардың жан дүниесіне терең үңіле біледі.
Біз үшін, тәрбиешілер үшін, ең бастысы — топтағы әр бүлдіршіннің қауіпсіздігі. Ассистент бұл бағытта да үнемі жауапкершілік танытып, серуен кезінде балаларды қадағалап, бөлмеде олардың қозғалысын бақылап, кез келген күтпеген жағдайдың алдын алуға көмектеседі. Үлкен топтарда әр балаға жеке назар аудару кейде мүмкін болмай жатады, ал педагог ассистенттің болуы осы олқылықтардың орнын толтырады.
Біз барлық педагог ассистенттерге шын жүректен алғыс білдіреміз. Олардың кәсіби еңбегі, адамгершілігі, мейірімділігі — біздің педагогикалық ұжымымыздың ең құнды байлығының бірі. Педагог ассистент – жай көмекші емес, ол балалардың балғын күлкісін сақтап, олардың алаңсыз күн өткізуіне үлес қосатын жанашыр тұлға. Біз оның еңбегін жоғары бағалаймыз және тәрбие ісіндегі маңызды рөлін мақтанышпен айтамыз.
Жамиля АЖИБЕКОВА,
«Алпамыс батыр» бөбекжай бақшасы МКҚК-ның әдіскері.
