Жетісай ауданы білім бөліміне қарасты Н.Оңдасынов атындағы №14 жалпы білім беретін мектепте мемлекеттік тіл мерекесіне орай өткізілген «Тіл мен кәсіби үйлескен ұрпақ – ел тілегі» атты онкүндіктің қорытынды кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

2025 жылдың 15 қыркүйегінде өткен салтанатты шараға мектеп директоры Шаулиева Сапаркүл Тұрлыбекқызы, директордың орынбасарлары, ұстаздар ұжымы және оқушылар түгелдей қатысып, он күн бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралады.

Онкүндік аясында оқушылар арасында түрлі танымдық және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, мәнерлеп оқу сайыстары, эссе жазу, көркемсөз оқу, сурет көрмелері, дебат және пікірсайыс алаңдары, сонымен қатар ән-күй, театрландырылған қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Бұл шаралар арқылы оқушылар ана тілінің қадір-қасиетін ұғындырып қана қоймай, өзге тілдердің де адамзат мәдениетін байытудағы орнын бағалауға мүмкіндік алды.

Кеш барысында орта буын және жоғары сынып оқушылары өлең оқып, ән шырқап, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын көріністер көрсетті. Әсіресе жасөспірімдердің өнерге, тілге деген сүйіспеншілігі мен ынтасы көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.

Мектеп ұжымы ұйымдастырған бұл онкүндіктің негізгі мақсаты – оқушылардың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, тілдің – бірлік пен руханияттың алтын көпірі екендігін көрсету болды. Шараның әрбір кезеңінде ұстаздар мен бірлестік мүшелері жас буынға ана тілін құрметтеудің маңызын түсіндіріп, олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға жағдай жасады.

Қорытынды сөз сөйлеген мектеп директоры Шаулиева Сапаркүл Тұрлыбекқызы онкүндіктің нәтижесіне оң бағасын беріп, барша қатысушыларға алғысын білдірді.

– «Тіліміз – елдігіміздің негізі, рухымыздың тірегі. Қазақ тілі жасай берсін, тіліміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба берсін!» – деп түйіндеді ол өз сөзін.

Осылайша, «Тіл мен кәсіби үйлескен ұрпақ – ел тілегі» атты онкүндік іс-шарасы жас ұрпақтың рухани дамуына, ана тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыруға зор ықпал еткен маңызды мәдени-білім беру оқиғасына айналды.

Гүлжан МАҚҰЛБЕКОВА,

Н.Оңдасынов атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің

қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі.

ОНКҮНДІК ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған