Жетісай ауданына инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасы аясында Жетісай ауданында аумағы 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ пен 1 гектар жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы мәселеге байланысты аудан басшысы Серік Мамытов аталмыш аймақтардың инвесторларымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылады. Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті сала басшылары жауаптар берді.
Жетісай ауданы әкімдігінің тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бүгінде индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 млрд. теңгені құрайтын сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары секілді 9 жобаны, өндірістік паркте құны 210 млн. теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы 1200-ге тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделуде.
Аудан басшысы С.Үсенұлы «Біздің ауданымыз егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласы дамыған аудан. Сондықтан, алдағы күндері іске қосылатын зауыттар мен өндіріс орындары шикізаттан тапшылық көрмейді деп сенеміз. Аймақ басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы ауданда кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істерді жүзеге асыратын боламыз» деді өз сөзінде.
Айта кетерлігі соңғы 30 жылда ешқандай өндіріс орны салынбаған ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыттар аудан экономикасының дамуына тың серпіліс беріп, мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттыруға, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды деп күтілуде. 2020 жылдан бері 90,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған ауданда бұл көрсеткіш 2030 жылы 419,6 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.
Жетісай ауданы.
