Түркістан облысында биылғы 10 айдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Алдын ала есеп бойынша 10 айда өндірілген жалпы өнім көлемі 4 387,8 млрд. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8 пайызды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, өнеркәсіп өнім көлемі 1 256,8 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 113,4 пайызды құраса, өңдеу өнеркәсібінде 593,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 111,2 пайыз деңгейінде қалыптасып, жоспарға қол жеткізілген.
– Біздің басты мақсатымыз – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Өңірде тау – кен өнімі 574,6 млрд. теңге немесе өсім 115,1 пайызға жетті. Жоспар (115 пайыз) толық орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 млрд. теңгенің өнім өндіріліп, өсім қарқыны 101,7 пайыз деңгейінде орын алды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 353,5 млрд. теңге болса, өсімдік шаруашылығында 728,0 млрд. теңгенің өнімі жиналған. Облыс экономикасына, 1178,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 124,2%-ды құрады. Жалпы сауда көлемі 688,4 млрд. теңгеге жетіп, өсім қарқыны 148,3 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд. теңгеге жетті немесе өсім 128,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 110,2 пайызды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 млрд. теңгеге жетіп, 124,8 пайызға артса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 млрд. теңгеге жеткен.
Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Кедейлік деңгейі 4,4 пайызға төмендеді. Биылғы 10 айда 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.
– Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Олар: мақта, ет және жүгері кластері. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді, мақта өсіруден бастап, жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдері өндіріледі. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады деп күтіліп отыр. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі. Биыл пилот ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Түсім өте жақсы болды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынуда. Жуырда іске қосылады. Құны – 35млрд. теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны – 50 млрд. теңге, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінде «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді.
Оған қоса, Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысын бастады. Жоба құны – 53 млрд. теңге. Мұнда жылына 48 мың тонна құс еті өндіріледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
