Білім беру саласында жүріп жатқан жаңашыл өзгерістер мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш білім беру арасындағы байланысты нығайтуды талап етеді. Себебі баланың тұлға болып қалыптасуы, оның дүниетанымы мен білімге деген қызығушылығы дәл осы мектепке дейінгі кезеңнен бастау алады. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім арасындағы сабақтастықты дұрыс ұйымдастыру – бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі.

Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш буын арасындағы сабақтастық бала дамуының үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Бұл үрдіс балалардың білуге деген құмарлығын арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі кезеңде баланың жеке тұлғалық негізі қаланса, бастауыш сынып сол білімді жүйелеп, жалпылайды. Осылайша мектепке дейінгі дайындық пен бастауыштағы талаптардың өзара сабақтасуы баланың мектепке тез бейімделуіне жағдай жасайды.

Салауатты өмір салты құндылықтарын меңгеру, эмоционалдық және интеллектуалдық дайындықты қалыптастыру, ұжымдық әрекетке бейімделу – бастауыш мектептің маңызды міндеттерінің бірі. Балабақшада қалыптасқан танымдық дағдылар бастауышта жалғасын тауып, бала үшін оқу үрдісін жеңілдетеді.

«Сәби» бөбекжай-бақшасы мен №35 Шәкәрім Құдайбердиев атындағы орта мектеп арасында осындай сабақтастықты сақтау мақсатында тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Жыл сайын жаңа оқу жылының басында екі мекеменің бірлескен жоспары жасалып, тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдері бірлесе іс-шаралар ұйымдастырады. Мектеп мұғалімдерінің пікірінше, балабақшаға барған балалардың мектепке бейімделуі әлдеқайда жеңіл, себебі олар өз ойын еркін жеткізе алады, танымдық қызығушылықтары жоғары және ұжыммен жұмыс істеу дағдылары қалыптасқан.

5–6 жас аралығындағы балалар үшін ойын – негізгі іс-әрекет. Сондықтан білім мен тәрбие жұмыстарында ойын түрлері, дидактикалық жаттығулар, логикалық ойындар, ойын-жарыстар жиі қолданылуы тиіс. Ойын баланың психикалық, шығармашылық және әлеуметтік дамуына тікелей ықпал етеді. Макаренконың «Ойында бала қандай болса, өмірде де көбіне сондай болады» деген тұжырымы ойынның тәрбиедегі маңызын айқындайды.

Сабақтастықты тиімді жүзеге асырудың тағы бір маңызды бөлігі – ата-анамен жұмыс. Себебі көптеген ата-ана бала тәрбиесіндегі педагогикалық талаптарды толық білмеуі мүмкін. Сол себепті педагогтар ата-аналарға бағыт-бағдар беріп, баланың даму ерекшеліктерін түсіндіре отырып, бірлескен жұмыс жүргізуі қажет. Балабақша, мектеп және ата-ана арасындағы байланыс сақталған жағдайда баланың мектепке жалпы, арнайы және психологиялық тұрғыдан толық дайын болуы қамтамасыз етіледі.

Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты сақтау – баланың оқу жолындағы алғашқы қадамын жеңілдететін, болашақ табысының негізін қалайтын маңызды бағыт. Үздіксіз білім беру жүйесін дұрыс ұйымдастыру арқылы әр баланың дамуына жағдай жасап, келешек ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыруға болады.

Г.АҚБЕРДИЕВА,

«Сәби» бөбекжай балабақшасының әдіскері.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУДІҢ САБАҚТАСТЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған